Трамп 60 елге жаңа баж салығын енгізуді жоспарлап отыр

АҚШ өзінің сауда серіктесіне айналған 60 елге 10%-дан 12,5 %-ға дейін баж салығын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз қызметі хабарлады.
Америка Құрама Штаттарының Сауда өкілдігі шектеулерге мәжбүрлі еңбекті пайдалану арқылы өндірілген тауарлардың импорты ілігетінін түсіндірді.
АҚШ Сауда өкілі кеңсесінің мәліметінше, ең төменгі мөлшерлеме Еуроодақ, Канада, Мексика және Ұлыбританиядан келетін импортқа қолданылады. Ал Қытай, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Бразилия және Швейцария өнімдеріне жоғарылатылған мөлшерлеме бойынша салық салынады.
Қытай АҚШ тарифтеріне қарсы
Жаңа ережелер бірден күшіне енбейді. Ақ үй 6 шілдеге дейін жазбаша наразылықтарды қабылдайды, ал келесі күні, 7 шілдеде жария тыңдаулар белгіленген.
Сарапшылардың айтуынша, Трамп жаңа тарифтерді енгізуге асығып отыр, өйткені оның бұрынғы уақытша баж салықтарының мерзімі дәл шілде айында аяқталады, оның үстіне олар қазір Жоғарғы және Федералдық соттармен бұғатталған.
Болып жатқан жағдай Трамп пен Си Цзиньпиннің мамыр айындағы саммитте қол жеткізген Вашингтон мен Бейжің арасындағы сауда бітімін соққыға жығады.
Қытай АҚШ-тың мәлімдемесіне бірден жауап қатты. Аспан асты елі мәжбүрлі еңбекті пайдаланды деген айыптауларды жоққа шығарады.
«Қытай біржақты тарифтік шаралардың барлық түрлеріне дәйекті түрде қарсы шығып келеді. Сауда және экономикалық мәселелер теңдік, өзара құрмет және өзара тиімділік негізінде диалог пен консультациялар арқылы шешілуі тиіс», – деді Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин.
Оның айтуынша, Қытайда «мәжбүрлі еңбек» деген ұғым жоқ.
Бұған дейін Трамп әлемнің барлық елінен келетін тауарларға 10 пайыздық кедендік баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойған еді.