
Күн астрономиясы зертханасының хабарлауынша, G3 деңгейіндегі күшті әрі ұзаққа созылатын магнит дауылы 4 маусым кешкісін басталуы мүмкін.
Болжам бойынша, белсенділік Астана уақытымен сағат 21.00-ден кейін арта бастайды. Дауылдың шарықтау шегі 5 маусымға қараған түні және сол күні таңертең күтілуде.
Оған себеп – 3 маусымда Күннің бірқатар күшті жарқыраулардан кейін шығарған бірнеше плазма бұлты. Ғалымдар олардың бірігіп, бір үлкен ағынға айналатынын болжап отыр.
Магнит дауылдары G1-ден G5-ке дейінгі шкала бойынша бағаланады. G3 деңгейі күшті деп саналады, бірақ рекордтық емес. Биыл мұндай дауыл 21 наурызда болған, ал 19-21 қаңтар аралығында бұдан да қуатты – G4 деңгейіндегі құбылыс тіркелген.
«Осылайша, күтіліп отырған оқиға биылғы жылғы ең күшті дауылдардың екіншісі немесе үшіншісі болуы мүмкін. Поляр шұғыласының көріну ықтималдығы өте жоғары, бірақ төрт күн бұрын жаз келген Солтүстік жарты шардан оны көру мүмкін емес дерлік. Негізгі фотосуреттер мен бейнелер Оңтүстік жарты шардан – Аустралиядан, Оңтүстік Америкадан және антарктикалық полярлық станциялардан күтілуде», – деп жазады ғалымдар.
Күшті магнит дауылдары радиобайланысқа, спутниктік навигацияға және энергия жүйелеріне әсер етуі мүмкін. Метеосезімтал адамдарда мұндай күндері бас ауруы, әлсіздік, қан қысымының өзгеруі және ұйқы проблемалары туындауы мүмкін.