Lifestyle

Алматыда жаз бойы SUMMER FEST фестивалі өтеді

Screenshot

Алматы қаласы жазғы маусымды ауқымды мәдени шарамен қарсы алуға дайын. Қала әкімдігінің қолдауымен шаһарда музыка, гастрономия және жергілікті креативті индустрия өкілдерінің басын қосатын мүлдем жаңа «ALMATY SUMMER FEST» фестивалі іске қосылады.

Фестиваль алаңы: Ашық аспан астындағы концерттер

Ауқымды шараның негізгі локациясы ретінде Алатау ауданында орналасқан «Алатау» дәстүрлі өнер театры таңдап алынды. Жаз бойы бұл театрдың айналасы үлкен фестиваль алаңына айналмақ. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мұнда маусым бойы елімізге танымал өнер жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен ашық аспан астындағы концерттер тұрақты түрде өтіп тұрады.

Салтанатты ашылу: Сахнада кімдер өнер көрсетеді?

«ALMATY SUMMER FEST» фестивалінің ресми ашылуы 6 маусым күні сағат 18:00-де басталады. Алғашқы күннің өзінде сахна төрінде отандық шоу-бизнестің жарық жұлдыздары мен танымал орындаушылар өнер көрсетеді.

Сахна төрінде Қайрат Нұртас, Луина, Айдана Меденова, Ұланғасыр Қами, Аман Ахмет, сондай-ақ ALFA тобы, Arsenaleen, IGIGAI, Akbotiz, DJ Akhmetoff және «Алатау» театрының әртістері жиналған қауымға ұмытылмас кеш сыйламақ.

Фестивальде концерттен бөлек, арнайы интерактивті аймақтар, түрлі ойын-сауық алаңдары ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар ойнатылады. Сонымен қатар, гастрономия бағыты бойынша жергілікті дәмханалар мен креативті индустрия өкілдері өнімдерін ұсынатын болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қаскелеңде әуе шарлары фестивалі өтетінін жазған едік.