Аязда қатпайтын дизель: француздар 90 млн еуроға Павлодарда өндіріс ашады

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Air Liquide француз компаниясының өндіріс орны
Француз компаниясы инновациялық жобаны Қазақстанда жүзеге асырады / фото: Air Liquide

Францияның Air Liquide ірі химиялық компаниясы мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Павлодарда сутегі өндіретін қондырғы салып жатыр. Жоба құны – 90 млн еуро.

«Эр Ликид Мұнай Тех Газ» бірлескен кәсіпорны өндірісті 2026 жылдың аяғына дейін іске қосады. Қондырғы Павлодар мұнай-химия зауыты аумағында орналасқан, деп хабарлады осы өңірдің әкімдігі. Кешен сағатына 12 500 нм³ сутегі шығара алады.

Жоба инновацияға негізделген. Air Liquide әлемде алғаш рет FOIK (First of Its Kind) технологиясын енгізіп жатыр. Мұндай технология бутан-бутилен фракциясынан сутегі өндіруге негізделген.

Қазір нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірге барлық технологиялық жабдық жеткізілген. Құрылысқа 200 адам тартылған. Жоба іске қосылған уақытта 25 тұрақты жұмыс орны құрылады.

«Жобаның стратегиялық маңызы зор. Өндірілетін сутегі қысқы дизель отынын шығаруда пайдаланылады. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңір экономикасына заманауи технологияларды тартуға жол ашады», – деді өндіріспен танысқан Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Құрылыс барысымен танысуға Air Liquide тобының өңірлік кластерінің президенті Николя Пуаро, «Эр Ликид Мұнай Тех Газ» бас директоры Габриель Константин және жоба директоры Миржан Құсманов та барды.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Павлодарда Data Center Valley – Қазақстанның Силикон алқабының құрылысы басталған.

Сондай-ақ оқыңыз