Базалық мөлшерлеменің төмендеуі халыққа қалай әсер етеді – ҰБ жауабы

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің 17%-ға дейін төмендеуі халыққа қалай және қашан әсер ете бастайтынын айтты.
Айтуынша, базалық мөлшерлеменің 1 пайызға төмендеуі қазақстандықтардың өміріне бірден әсер ете қоймайды.
«1 пайыздық төмендеуден бірден үлкен нәтиже күтуге әлі ерте. Мұндағы ең басты жетістік – біз инфляцияны төмендетіп жатырмыз. Баға өсімін 13 пайыз деңгейінен 10,4 пайызға дейін түсірдік. Шамамен 3 пайызға жуық төмендеді. Бұл жаман көрсеткіш емес. Дегенмен алда әлі атқарылатын жұмыс өте көп, босаңсуға болмайды», – деді ол.
Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемеден кейін несие пайыздары өзгеретінін айтты. Яғни бизнеске де, қарапайым халыққа да берілетін несиенің мөлшерлемесі төмендейді.
Сонымен қатар депозиттердің де пайызы өзгереді, яғни экономикадағы ақшаның құны арзандайды.
«Осы екі факторды назарға алсақ, несие алғысы келетіндер үшін пайыздар біртіндеп төмендей бастайды. Осы тұста бұл өзгеріс бірден емес, біртіндеп жүзеге асатынын айтқым келеді. Дәл солай, депозитте ақшасы бар адамдардың да жинақтан көретін табысы бірте-бірте азаяды. Бірақ бұл – заңдылық. Себебі депозиттер банктердің несие беретін негізгі қорын құрайды. Банкке ақша қаншалықты арзан түссе, олар халыққа несиені де соншалықты арзан пайызбен бере алады», – деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, Ұлттық банк 5 маусымда базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға дейін төмендету жөнінде маңызды шешім қабылдады.