Health

Сәуле Башеева медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры атанды

Медициналық сақтандыру қоры
Көрнекі сурет / фото: msqory.kz

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры қызметіне Сәуле Башеева тағайындалды. МӘМС жүйесін басқаратын мекемеде мұндай қызмет жаңадан ашылып жатыр.

Ауыс-түйіс

Медициналық сақтандыру қорындағы ауыс-түйіс туралы мәлімет Қаржылық есептілік депозитарийіне жолданған ақпаратта бар. Сонда жарияланған құжатқа сәйкес, үкімет Сәуле Башееваны басқарушы директор қызметіне тағайындау туралы шешімді 2 маусымда қабылдаған.

Айта кетейік, бұған дейін осы қорда басқарушы директор қызметі болған жоқ. Соған қарағанда, басшылық құрамындағы мұндай қызмет жаңадан ашылып жатыр.

Құжатқа сәйкес, қор басқармасында алты адам бар. Олар:

  • Гүлмира Сәбденбек – Басқарма төрағасы;
  • Айдар Мекебеков – Басқарма Төрағасының орынбасары;
  • Индира Ерденова – Басқарма Төрағасының орынбасары;
  • Бақытжан Абдуллаев – Басқарма Төрағасының орынбасары;
  • Айгүл Берегенова – Басқарма Төрағасының орынбасары;
  • Сәуле Башеева – Басқарушы директор.

Башеева туралы

Медициналық сақтандыру қорының басшылық құрамына кірген 52 жастағы Сәуле Башеева туралы ашық дереккөздерде мәлімет аз. Дегенмен оның 2013 жылы мемлекеттік қызметкерлердің жоғары басқарушы буыны – «А» корпусының кадр резервіне іріктеуден сәтті өткені мәлім. Бұған қоса, 2024 жылы оның есімі ресми құжаттарда аталды. Сол кезде Башеева «Touroperator Kompas» компаниясында қызмет еткені мәлім болды.

Қор туралы

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2016 жылы құрылды. Үкімет оны медициналық көмек сапасын арттыру, сонымен бірге шығындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) арқылы азайту мақсатында құрды.

Мемлекет басшысы МӘМС жүйесін жиі сынап жүр. Мәселен, 2026 жылдың басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүйедегі алаяқтық әрекеттерді тергеуді Бас прокуратура тапсырған.

Жақында медициналық қызмет саласында Qalqan экожүйесі іске қосылған.