«София, Марко Поло»: Астанада екі көшеге жаңадан атау беріледі

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Астанада екі көшеге Болгария мен Италияның құрметіне атау берілмек
Астанада екі көшеге жаңа атау берілмек/ Фото: shutterstock

Астанада Болгария және Италия елдерімен өзара құрмет белгісі ретінде екі көшеге еуропалық атау беру ұсынылды. Бұл туралы мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Досжан Исабек мәлімдеді.

Жобалық атауы Е-524 көшесіне София атауын беру ұсынылып отыр. Бұған дейін Болгария астанасындағы ұзындығы бір шақырымнан асатын көшелердің біріне Астана атауы берілген болатын.

«Біз атауын берейін деп отырған көше Нұра ауданында орналасқан, ұзындығы – 535 метр. Онда Hilton қонақүйі, Ұлттық татуласу мұражайы, Жер және адам ұлттық мұражайы орналасқан», – деді Досжан Исабек.

Сонымен қатар, елордадағы «Астана Арена» спорт кешені мен «Алау» мұз айдыны арасындағы атаусыз көшеге Марко Поло есімін беру ұсынылды. Бұл бастама 2025 жылдың қыркүйегінде де айтылған.

Сөз болып отырған көше «Астана Аренаның» оңтүстігіне қарай орналасқан, ол Тұран даңғылынан басталып, Қабанбай батыр даңғылына барып тіреледі.

Айта кетейік, Астанада LRT атауын өзгерту туралы шешім қабылданды. Енді жеңіл рельсті көлік «Тарлан Астана» деп аталады.

Сондай-ақ оқыңыз