Соңғы 2,5 жылда Каспийге 35 млрд текше метр су құйылды

2026 жылдың басынан бері Каспий теңізіне 6,16 млрд текше метр су бағытталды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.
Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының мәліметінше, соңғы 2,5 жылда Каспий теңізіне 35 млрд текше метрден астам су жіберілген. Оның ішінде шамамен 17 млрд текше метрден астам су 2024 жылы тіркелген ауқымды су тасқыны кезеңіне тиесілі. Ал 2026 жылдың басынан бері Каспий теңізіне 6,16 млрд текше метр су бағытталды.
Былтыр қабылданған Су кодексіне сәйкес кәсіпорындар бес жылдық мерзімге арналған айналымды сумен жабдықтау жүйесіне көшу жоспарын әзірлеуге міндетті.
Қазіргі уақытта осындай 168 жоспар әзірленген. Мұндай құжаттарды еліміздегі барлық кәсіпорын дайындауы қажет.
Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны бес есеге артты. 2024 жылға дейін мұндай технологиялар жыл сайын орта есеппен 30 мың гектар алқапқа енгізілсе, 2024 және 2025 жылдары бұл көрсеткіш жылына 150 мың гектарға жетті.
«Біздің міндетіміз – су ресурстарын ұтымды әрі үнемді пайдалануды қамтамасыз ету, сондай-ақ су шығынына жол бермей, оны нақты қажет жерлерге, яғни егістік алқаптарға, кәсіпорындарға және азаматтардың үйлеріне уақытылы жеткізу», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, Жапония Үкіметі Каспий теңізін сақтап қалуға құны 3 млн доллар болатын жобаны іске қосқалы жатыр.