Түрмедегі экс-министр Мұхамедиұлына қатысты мекеме мемлекетке қайтарылды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы / фото: Айгерім Таубай

Түрмеде жазасын өтеп жатқан бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлымен байланысты компания иелігіндегі «Қазақ энциклопедиясы» мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

«Прокуратура «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-ның 100 % үлесін ҚР Мәдениет және спорт экс-министрі А. Мұхамедиұлымен байланысты компанияның заңсыз иелігінен мемлекетке қайтарды», – деп таратты құзырлы орган.

Прокуратура 2015 жылы «Қазақ энциклопедиясының» 100% үлесі «заңсыз жекешелендірілген» деп мәлімдеді. Оның жылжымайтын мүлік түріндегі активтері жеке қолға өткен. Ғимарат Алматы қаласы Әуезов ауданында орналасқан. Оның ауданы – 2,1 мың шаршы метр.

Құзырлы орган сотқа «жекешелендіру шартын және одан кейінгі мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы» талап-арыз түсірген.

«Кассациялық соттың қаулысымен прокуратураның талап-арызы толық көлемде қанағаттандырылды. Құны 1,3 млрд теңге болатын актив мемлекетке қайтарылады», – деп хабарлады прокуратура.

Бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы қазір түрмеде отыр. 2023 жылы экс-министр бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен 8 жылға сотталды. Ал 2024 жылы Астанадағы «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алуға әрекеттенгені, аса ірі көлемде пара бермек болғаны үшін оның жазасы 11 жылға дейін ұзартылды.

Мұхамедиұлы мәдениет және спорт министрі қызметін 2014-2019 жылдар аралығында атқарған. 2025 жылдың басында ол түрмеде аштық жариялағаны туралы мәлімет тараған.

Сондай-ақ оқыңыз