ҰБ шешімінен соң депозит мөлшерлемесі түсіп кетпей ме

Жарияланды 5 Маусым 2026 13:35

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
Депозит жинаған ақша қорын сақтаудың тиімді құралы / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Милош Муратовский

Қазақстанда базалық мөлшерлеме 17%-ға дейін төмендеген соң депозит шарттары нашарлап кетпей ме? Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 5 маусымда Астанада өткен брифингте осы сауалға жауап берді.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық банк жұма күні базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға дейін түсірді. Мұндай шешім қаржы саласына, соның ішінде депозит шарттарына да әсер етеді.

«Оның депозитке қандай әсері бар? Әдетте ол базалық мөлшерлемеге сүйенеді. Қорын депозитте ұстап, оны сақтап қалғысы келетін азаматтарға айтарым: нақты инфляция мен депозит мөлшерлемесінің айырмасын ескеру. Қазір нақты инфляция көлемі 10,4% болса, ал депозит мөлшерлемесі шамамен 19-20%. Ол бір пайызға түскеннің өзінде, депозит мөлшерлемесі инфляцияны жабады. Сондықтан қандай да бір өзгеріс бола қояды деп ойламаймыз. Депозит әлі де тартымды тетік болып қала береді», – деп есептейді ҰБ басшысы.

Топ-менеджер бұл ретте Қазақстанда банк жүйесі мықты, сол себепті депозит сенімді қолда екенін атап өтті.

Айта кетейік, Ұлттық банк сәуір-мамыр айларында инфляция төмендегенін ескеріп, базалық мөлшерлемені де түсірді. Дегенмен Тимур Сүлейменов инфляцияны толық жеңдік деп айтуға әлі ерте екенін ескертті. Базалық мөлшерлеме деңгейі 1%-ға түскен күні доллар қымбаттап жатыр

Сондай-ақ оқыңыз