Банк пен қаржы

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17% деңгейінде белгіледі

Қазақстан ұлттық банкі базалық мөлшерлеме туралы шешім қабылдады / фото: Серікжан Қобыланбаев

5 маусымда Ұлттық банк базалық мөлшерлеме шегіне қатысты маңызды шешім шығарды. Қаржы саласын реттеуші мекеме оны 17% деңгейінде белгіледі. Осы уақытқа дейін ҰБ мөлшерлемені 18% көлемінде ұстап келген.

«Бұл шешім кезекті болжамды раундтың нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер мен инфляция тәуекелдері теңгерімінің жаңартылған бағалауына сүйеніп қабылданды» – деп түсіндірді ҰБ.

Инфляция баяулады

Реттеуші мекеме осындай шешім қабылдаған уақытта жылдық инфляцияның баяулау үрдісін ескерген. Биыл мамыр айының қорытындысы бойынша ол 10,4% болды. Азық-түлік инфляциясы 10,7%-ға дейін төмендеді.

«Бұған жеміс-жидек пен көкөніс, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен жекелеген импорттық тауарлар бағасы өсімінің баяулауы себеп болды».

Дегенмен азық-түлікке жатпайтын инфляцияның өсу қарқыны (11,7%) бұрынғы деңгейінде сақталып отыр. Оғна теңге бағамының нығаюы мен тұтынушылық кредиттеудің бәсеңдеуі салдарынан сұраныстың тұрақтану белгілері әсер етті.

ҰБ мәліметінше, мамыр айында айлық инфляция 0,7%-ға дейін баяулады (сәуірде – 0,8%). Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция да 0,7%-ға дейін төмендеді.

Мұнай бағасы

Реттеуші банк жыл аяғына дейін Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы 90 доллар көлемінде болады деп болжайды. Баға Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің әсерінен көтеріліп отыр.

«Болжам бойынша баға біртіндеп төмендеп, 2027 жылы барреліне 75 доллар, ал 2028 жылы 65 доллар болады».

Алдағы жылдарға болжам

Ұлттық Банк инфляция алдағы жылдары біртіндеп төмендейді деп есептейді. Бұған ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары мен үкіметпен бірлесіп атқарылып жатқан макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары септігін тигізеді.

«Болжам бойынша, 2027 жылы инфляция 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды, ал 2028 жылы 5%-дық нысаналы көрсеткішке дейінтұрақтанады», – деп хабарлады ҰБ.

Жалпы ішкі өнім

2026 жылға арналған ЖІӨ-нің өсу болжамы жақсарып, 4,5-5,5% аралығында бағаланды. Болжамның жақсаруына экономикада белсенділіктің артуы мен мұнайдың қымбаттауы әсер еткен.

ҰБ 2027-2028 жылдары ЖІӨ өсімі 3,5-4,5% деңгейінде болады деп күтеді.

Базалық мөлшерлеме туралы кезекті шешім 2026 жылғы 24 шілдеде қабылданады.

Бұған дейін нарықтағы мамандардың Қазақстандағы базалық мөлшерлемеге қатысты пікірі қақ айырылған. Мәселен, Goldman Sachs мамандары оны төмендетуді қолдаса, Halyk Research сарапшылары өзгермеуі тиіс деп есептейді.

Естеріңізге сала кетейік, ҰБ биыл 24 сәуірде және 6 наурызда базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдырған.