
Жамбыл облысында жыл басынан бері үш жүкті әйел қайтыс болды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Осы жағдайға байланысты ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова әйелдер мен балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған.
Әлназарованың сөзінше, өңірде акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуде кемшіліктер бар. Әйелдер босанатын ұйымдардың бәрі тексерілгеніне қарамастан, халықтан медициналық көмектің сапасына қатысты шағым азаймай тұр.
«Әрбір жағдай жан-жақты талдауды және жүйелі шешім қабылдауды талап етеді. Жүкті әйелдерді бағыттау, кадрлық қамтамасыз ету және бақылау мәселелеріне формальды түрде қарамай, пациенттерді толыққанды сүйемелдеу жүйесін қалыптастыру қажет», – деген министр.
Айта кетейік, Алматыда 32 жастағы Анна Ефименко мен оның дүниеге келмеген сәбиінің өліміне қатысты тергеу басталды. Әйел жүктілігінің сегізінші айында кесарь тілігі арқылы босанған. Алайда нәресте өлі туған. Келесі күні перинаталдық орталықта ананың өзі де қайтыс болды.