Жетісуда адамдардың жеке деректерін ұрлаған коллекторлар ұсталды

Жетісу облысында халықтың жеке мәліметтерін заңсыз пайдаланып келген коллекторлық агенттік әшкереленді. Операцияны облыстық Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы, прокуратура және ҰҚК қызметкерлері бірлесіп жүргізді.
Белгілі болғандай, Талдықорғанда орналасқан агенттік қызметкерлері арнайы заңсыз бағдарламаны қолданған. Ол жүйе арқылы кез келген қазақстандықтың аты-жөнін, ЖСН нөмірін немесе телефонын теріп, барлық құпия ақпаратты оңай тауып алып отырған.
Заңсыз базаны құрып, оны жұмысқа пайдаланды деген күдікпен 3 адам ұсталып, тергеу басталды. Күдіктілердің үйі мен жұмыс орындарын тінтіп, адамдардың деректері сақталған өте көп мөлшердегі компьютерлер, ноутбуктер мен ұялы телефондар тәркіленді.
Былтыр сәуірде қазақстандықтардың жеке дерегін коллектор мен микроқаржы ұйымдарына сатқандар ұсталғаны жайлы жазған едік.