«ҚазАвтоЖол» жыл басынан бері ең көп пайдаланылған ақылы жолдарды атады

Жыл басынан бері Қазақстанның ақылы жолдарымен 28 миллионнан астам көлік жүріп өтті. Көлік ағыны ең көп ірі қалаларды, шекара бекеттерін, өндірістік және туристік аймақтарды байланыстыратын бағыттарда байқалады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады.
Жол жүру саны бойынша көш басында Алматы – Қонаев учаскесі тұр. Жыл басынан бері бұл бағытта 4,3 млн жол жүру тіркелген.
Ең көп пайдаланылған ақылы жолдардың алғашқы үштігіне
- Шымкент – Өзбекстан шекарасы – 3,7 млн жол жүру;
- Шымкент – Тараз – 2,5 млн жол жүру көрсеткішімен енді.
«Аталған бағыттардағы жоғары көлік ағыны жолаушылар мен жүк тасымалының қарқындылығына, сондай-ақ олардың өңіраралық және халықаралық көлік қатынасын қамтамасыз етудегі маңызды рөліне байланысты», – делінген ұлттық компанияның хабарламасында.
2026 жылы жол жүру саны бойынша Қазақстандағы ең көп пайдаланылған ақылы жолдар:
- Алматы – Қонаев – 4,3 млн жол жүру;
- Шымкент – Өзбекстан шекарасы – 3,7 млн;
- Шымкент – Тараз – 2,5 млн;
- Тараз – Қайнар – 2,1 млн;
- Шымкент – Қызылорда – 1,8 млн;
- Қонаев – Талдықорған – 1,4 млн;
- Астана – Теміртау – 1,4 млн;
- Астана – Щучинск – 1,3 млн;
- Тараз қаласының айналма жолы – 1 млн;
- Алматы – Қорғас – 1 млн жол жүру.
2026 жылдың маусым айының басындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 26 ақылы учаскесі бар. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 4,9 мың шақырымды құрайды.
Жыл соңына дейін ақылы жолдар қатарына тағы алты учаске қосылады:
- Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал;
- Бурылбайтал – Құрты;
- Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат;
- Талдықорған – Өскемен;
- Атырау – Астрахань;
- Меркі – Шу – Бурылбайтал.
Еске салайық, Жамбыл облысындағы кей жолда жылдамдық сағатына 120 шақырымға дейін артты.