Skoda жеті орындық жаңа Peaq флагманының алғашқы суреттерін көрсетті

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Skoda Peaq
Фото: Skoda

Skoda компаниясы жаңа Peaq электрлі кроссоверінің алғашқы дизайнерлік эскиздерін жариялады. Үш қатарлы , жеті жолаушыға арналған жаңа модель Skoda-ның негізгі флагмандық кроссовері ретінде әзірленіп жатыр.

Компанияның мәліметінше, көліктің толыққанды әлемдік тұсаукесері 2026 жылғы 23 маусымда Францияның Монне-Морне қаласында өтеді.

Skoda-ның жаңа стилі

Жарияланған суреттерге қарағанда, Peaq моделі Modern Solid фирмалық стилінде жасалған. Ол ерекше шанақ сызықтарымен, ірі пропорцияларымен және минималистік дизайнымен ерекшеленеді.

Алдыңғы бөлігінде жіңішке Т-тәрізді фаралар мен дәстүрлі радиатор торының орнын басқан қара түсті Tech-Deck Face панелі көзге түседі. Фараларды жарық жолағы біріктіріп, тұтас жарық контурын қалыптастырады.

Сондай-ақ электрлі кроссовер көлденең элементтері айқын көрінетін ірі алдыңғы бамперге ие болған.

Фото: Skoda

Компанияның экстерьер дизайны бөлімінің жетекшісі Карл Нойхольдтың айтуынша, жаңа модельді әзірлеу кезінде дизайнерлер таза әрі жинақы сызықтарды, үйлесімді пропорцияларды және брендке тән танымал элементтерді біріктіруге тырысқан.

Қазіргі уақытта чехиялық бренд болашақ флагманның тек сыртқы келбетін ғана көрсетті. Ал техникалық сипаттамалары мен бір қуатта жүріп өтетін қашықтығы 23 маусымда өтетін ресми тұсаукесер кезінде жарияланады.

Еске салсақ өткен жылы Қазақстан нарығына Škoda-ның жаңартылған бестселлері Octavia FL лифтбекі ұсынылған болатын. Жаңартылған Octavia FL нұсқасы біршама қымбат – бастапқы бағасы 17,9 млн теңге.

Сондай-ақ оқыңыз