Сарапшы зейнетақы жинағын алу шегі неліктен өзгергенін түсіндірді

Қаржыгер Расул Рысмамбетов Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу үшін ең төменгі жеткіліктілік шегін көтеру қажетті қадам болды деп есептейді.
Сарапшы 24kz арнасына берген жауабында, зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі көптеген қазақстандықтарға тұрғын үй мәселесін шешуге көмектескенімен, жинақ көлемінің азаюына әкеп соқтырғанын айтты.
Ол зейнетақы қаражатының келешекке арналған ұзақ мерзімді жинақ екенін атап өтті. Жинақтарды жаппай алу жылжымайтын мүлік нарығына әсер етіп, зейнетақы жүйесіндегі қаражат көлемін қысқартты.
«Жинақтарын алғандардың көбі, мән-мағынасына келгенде, артық ақшаны емес, негізгі қаражатты пайдаланып қойды. Болашақта олар базалық зейнетақыдан да аз мөлшерде төлем алуы мүмкін.
Жеткіліктілік шегін көтеру, біріншіден, қаражатты БЖЗҚ-да сақтап қалуға, екіншіден, адамдарды зейнетақы жарналарын аударуға, ерікті шоттар ашуға және т.б. ынталандыруға бағытталған. Бірақ бұл үшін, яғни халықтың барынша сеніміне ие болу үшін жүйелілік пен теңгерімді тәсіл қажет», – деп есептейді Расул Рысмамбетов.
Еске сала кетейік, 5 маусымда зейнетақы жинағын шешіп алу шегі көтерілді. 6 маусымда зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жаңа ең төменгі жеткіліктілік шегі белгілі болды.