Freedom Holding Corp. америкалық нарықтағы ауқымын кеңейтті

Freedom Holding Corp. компаниясының АҚШ-тағы Freedom Capital Markets (FCM) бөлімшесі 2026 қаржы жылында өз географиясын кеңейтіп, қазіргі уақытта АҚШ-тың 35 штаты мен Колумбия округінде жұмыс істеп жатыр. Бір жыл бұрын компанияның тек 32 штатта брокерлік қызмет жүргізуге лицензиясы болған еді. «Курсив» басылымы Freedom-ның Америкадағы бизнесімен жақынырақ танысып, Wall Street-тің қақ ортасында орналасқан әйгілі NYSE биржасынан қор нарығының нағыз тыныс-тіршілігі мен лебін жеткізу үшін Нью-Йоркке арнайы барып қайтты.
Freedom Holding Corp. компаниясының жылдық есебіне сәйкес, FCM кіретін брокерлік сегменттің көрсеткіштері айтарлықтай өскен. 2026 қаржы жылының қорытындысы бойынша брокерлік сегменттің жалпы түсімі 2025 жылғы 717,3 млн доллармен салыстырғанда 16%-ға немесе 114,2 млн долларға өсіп, 831,5 млн долларға жетті.
Сонымен қатар бұл көрсеткіштер клиенттердің сауда белсенділігі жоғары екенін көрсетеді. Мәселен, клиенттердің маржалық несиелерінен түсетін пайыздық табыс 31%-ға немесе 65,3 млн долларға өсіп, 277,6 млн долларды құрады, ал аталған сегменттегі еңбекақы төлеу шығындарының өсімі 58,1 млн доллар болды. Бұған қоса, брокерлік шоттар бойынша клиенттер базасы 175 мыңға артып, жалпы саны 858 мыңға жетті.
Мұндай оң серпіннің негізгі факторы холдингтің әлемдік қаржы орталығында стратегиялық тұрғыда бекуі, соның ішінде Уолл-стрит, 40 мекенжайында кеңсе ашуы және Нью-Йорк қор биржасының (NYSE) сауда залында белсенді жұмыс жүргізуі болды. Нарықтық капиталдандырудың өсуі және FTSE Russell критерийлеріне сай келуі, атап айтқанда, америкалық корпорация мәртебесі мен АҚШ-та нақты кеңсесінің болуы холдингтің беделді Russell 3000 индексіне енуіне жол ашты.

Шынын айтқанда, Russell 3000 индексінің өзінде кәсіби ортаға мәлім қызықты бір қайшылық бар. Ол туралы FCM-нің жаһандық нарық жөніндегі бас стратегі Джей Вудс айтып берді: егер осы тізімдегі қандай бір компания тым жылдам өсіп, аса табысты бола бастаса, оны кіші капиталды компаниялар индексінен шығарылып, орташа капиталды индекстерге ауыстырылады. Ірі капиталды компаниялардың (Large Caps) жиі жоғары кірістілік көрсетуінің бір себебі де осында. Олар жай ғана өз ішіндегі көшбасшыларды сақтап қалады
«Стратегтің көзқарасы: технологиялық алпауыттар, жасанды интеллект және IPO-ға қатысты сақтық
Америкадағы Freedom бизнесімен таныстығымыз қаржы әлемінің қақ ортасында басталды. «Трамп-билдинг» зәулім ғимаратының Нью-Йорк пен Бостандық мүсініне кең көрініс ашылатын 58-қабатында қазір FRHC котировкаларына тікелей әсер ететін жұмыс қызып жатыр.
«Қазіргі уақытта нарық соғыс пен инфляция туралы ақпараттарға мән бермей, нақты нәтиже көрсетіп жатқан бағыттарға, яғни технологиялық сектордың табысы мен өсіміне баса назар аударып отыр», – дейді Джей Вудс. Оның айтуынша, S&P 500 индексіндегі ең ірі 20 компанияның 15-і – дәл осы технологиялық алпауыттар»

Вудс инвестордың орнына S&P 500 индексінің өзін-өзі тазартып, ішінде тек ең үздік 500 компанияны қалдыру арқылы жұмысты қалай тиімді атқаратынына Uber мен Alaska Airlines кейсін мысал ретінде келтірді. Осыдан екі жыл бұрын индекс комитеті әуе компаниясын технологиялық алпауытқа ауыстырған болатын.
Ол: «Сіз өз портфеліңізде қайсысының болғанын қалар едіңіз: АҚШ-тағы көлемі жағынан сегізінші әуе компаниясын әлде жаһандық Uber-ді», – деген сұрақ қояды.
Әңгіме жасанды интеллект сияқты трендтер мен үлкен шу тудырған жобалар, мәселен, алдағы 12 маусымға жоспарланған SpaceX IPO-сы төңірегінде де өрбіді. SpaceX IPO-сына қатысты Уолл-стриттегі FCM сарапшылары өте сақ болған жөн екенін айтады. Олар бөлшек инвесторлардың соңында «ешнәрсесіз қалып қою» (holding the bag) қаупі бар екенін ескертеді. Ірі ойыншылар SpaceX жобасына жеке нарықта жылдар бойы ерте бастан кіріп қойған, сондықтан бұл жария орналастыру (IPO) олар үшін жай ғана қалың бұқара есебінен өз пайдасын бекітіп алатын сәт болуы мүмкін.
Ал жасанды интеллектіге келетін болсақ, бұл жерде адами фактордың рөлі өте жоғары.
«Сөзіңіз — сіздің облигацияңыз»: Уолл-стрит «викингтерінің» тұрмысы мен дәстүрлері»
Freedom-ның брокерлік бизнесінде Prime Executions (Freedom Holding Corp. компаниясы 2021 жылы сатып алған америкалық брокер-дилер –ред. ескертпесі) өте маңызды орын алады. Бұл – NYSE биржасындағы ең көне және ең сыйлы командалардың бірі. Сауда залдары босап, олардың орнын алгоритмдер басып жатқан заманда Freedom ең жоғары деңгейдегі адами сараптамаға бәс тігіп отыр.
«Біздің бизнесте сіздің сөзіңіз – сіздің облигацияңыз (Your word is your bond), яғни берген уәдеңіздің құны бағалы қағазбен тең»,– деп түсіндіреді Prime Executions аға вице-президенті Джеффри Вазкес. Бұл жай ғана әдемі сөз емес, 1792 жылғы Баттонвуд келісіміне қол қойылғаннан бері NYSE биржасы тіреліп тұрған негізгі іргетас. Биржаның бүкіл тарихы дәл осындай дәстүрлерден өрілген.
Мәселен, «биржадан орын сатып алу» (Seats) деген әйгілі тіркес қайдан шыққан? 1800 жылдардың басында трейдерлер тек екі ғана кеңсені жалға алған және әрбір қатысушы күн сайын нақты бір орындықта ғана отырған. Егер сіз сауда жасауға келсеңіз, онда сөз жоқ өзіңізге бекітілген орынды иеленесіз.
Prime Executions ай сайын орта есеппен 750 миллион акция өңдейді, бұл миллиардтың төрттен үш бөлігіне жуық. Мұндай белсенділік орасан зор ресурстарды талап етеді. Джеффри Вазкес: «Кез келген адам батырманы басып, бір нәрсені сатып алады немесе сата алады, бірақ біздің төменде, яғни сауда залында (паркетте) атқаратын жұмысымыз — бұл әрқашан жеке қатысудың жоғары деңгейін білдіреді және бұл ешқашан өзгермейді»,– деп атап өтті.
Биржадағы атмосфера тап-тұйнақтай таза кеңседен мүлдем бөлек. Мұнда Уолл-стрит «викингтерінің» тұрмысы туралы естеліктер мен дәстүрлер әлі күнге дейін тірі. Сандық технологиялар дәуіріне дейін брокерлер ғимараттан апталап шықпайтын. Іште толықтай жабық экожүйе жұмыс істеді: өзінің шаштаразы, егер таңғы сағат 4-ке дейін бөгеліп қалсаңыз, шалбарыңызды үтіктеп беретін немесе жаңа жейде сататын тігіншісі, тіпті Bloomberg кеңсе тауарлары дүкені де болды. Брокерлер сөзбе-сөз «викингтер құсап тамақтанатын», өйткені биржа бұл ауыр еңбектің өтеуі ретінде «шағын бір елді тойдыруға жететіндей» керемет, құнарлы таңғы астар ұйымдастырып отырды
Нью-Йорк биржасының сауда залында бір мезетте 5 мыңға жуық адам болған заманда өзіндік бірегей ишарат пен айқай-шу тілі қалыптасты.
«Бұрын бұл жер айқай мен шудан құлақ тұнатын. Егер жаңадан келгендер біздің сөйлеу қарқынымызды түсінбесе, оларды сөзбен «жеп қоятын» (shredded apart). Қоңырау соғылғаннан бастап тикет жазылғанға дейін үш минуттың ішінде мәмілені орындап үлгеруің керек еді, әйтпесе ақшаңнан да, беделіңнен де айырылатынсың», – дейді Джеффри Вазкес сол күндерді еске алып.
Тәжірибелі брокерлер сауда залы физикалық тұрғыдан да, эмоционалдық тұрғыдан да қайнап кететіндіктен, арнайы қосымша желдеткіші бар пиджактар киіп жүретін.
Дегенмен технологиялар бұл қызуды біртіндеп басты. Трейдерлер аптап ыстықта да жұмыс істей алуы үшін сонау 1903 жылдың өзінде-ақ бұл ғимаратта Солтүстік Америкадағы алғашқы химиялық ауа салқындату жүйесі орнатылғанын айтты. Ал биржа алдына жарыс болидтері шығарылатын «Ferrari күнінде» сауда-саттықтың ашылу сәтіндегі олардың қозғалтқыштарының гүрілі әлі күнге дейін осы тарихи ғимараттың іргесін дірілдетіп жібереді.

Қазақстандық экожүйенің жаһандық экспорты
Freedom Holding Corp. клиенттері, акционерлері мен инвесторлары үшін АҚШ-тағы жетістік қана емес, сонымен бірге технологиялық шешімдерді жаһандық деңгейде кеңейту жоспарлары да жақсы белгі болып саналады. Өйткені Тимур Турлов Freedom экожүйесін SuperApp қосымшасы түрінде Қазақстаннан халықаралық нарықтарға, мысалы, Тәжікстан, Түркия, БАӘ, Грузия елдеріне экспорттай бастады және тізім үнемі толығып жатыр. Бұған дейін жаһандық нарықтарға қаржылық шешімдер экспорты негізінен Батыстан келсе, енді бұл бәсекеге шикізаттық экономикасын белсенді түрде әртараптандырып, жаңғыртып жатқан Қазақстан да қосылды.
Russell 3000 индексіне ену – NYSE-нің ғасырлық дәстүрлерін заманауи финтех-шешімдердің өршілдігімен ұштастырған компания ауқымының мойындалуындағы алғашқы қадам ғана.
Қалыптасқан түсінікті өзгерту: америкалықтарға қор нарығы не үшін керек?
Freedom-ның инвестициялық кейсі білім беру миссиясымен де толығуда. Джей Вудс жинақ ақшаға деген көзқарастағы орасан зор айырмашылықты және қалыптасқан түсініктердің қалай өзгеретінін атап өтті: АҚШ-та банктік депозиттер жылына 1%-дан аз кіріс әкеледі, ал ақша нарығының құралдары (Money Market) шамамен 3,5% береді. Теңгедегі 15-18% мөлшерлемелерге үйреніп қалған қазақстандық инвесторлар үшін бұл таңғаларылық жағдай боп көрінуі мүмкін. Бірақ дәл осы айырмашылық тарихи тұрғыдан америкалықтарды жас кезінен бастап қор нарығын зерттеуге, күрделі пайыздың күшін түсінуге және сауатты инвестициялау үшін баламалы нұсқаларды іздеуге мәжбүр етеді
«Біздің міндетіміз — оларды дұрыс инвестициялауға үйрету. Жастар үшін алға басудың бірден-бір жолы — өздері білетін, күнделікті пайдаланатын және сенетін нәрселерін сатып алу. Қалтаңда айфон болса — Apple акциясын сатып ал, іздеу жүйесін қолдансаң — Google акциясын ал. Мұның не екені маңызды емес: мейлі технологиялық алпауыттар, мейлі Nvidia немесе индекстік қорлар болсын”, — деп атап өтті Джей Вудс.
Оның пікірінше, қаржылық сауаттылық мектеп қабырғасынан басталуы керек және Freedom капиталды өсіруге арналған ашық әрі тиімді құралдарды ұсына отырып, бұл процеске белсенді түрде үлес қосып келеді.
Freedom компаниясы Қазақстанның технологиялық әлеуеті мен әлемдік деңгейдегі түпсіз терең капитал нарықтарының арасына берік көпір орнатып жатқаны айдан анық. Тіпті NYSE ғимаратының алтыншы қабатында лифтінің кептеліп қалуы сияқты келеңсіз ұсақ-түйектер, жалпы алғандағы, жақсы әсерді бұза алмады. Бізге жол бастап жүрген серіктестеріміздің: «Нағыз биржалық динамика деген осы — әрқашан жоғары қарай жылдам қозғалуға дайын болу керек», – деп әзілдегені бар.