Бектенов көпқабатты үйлердің жанынан өрт сөндіру алаңдарын салуды қолдады

Елде көпқабатты үйлердің жанынан өрт сөндіру техникасы үшін арнайы алаңдарды салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
Еске сала кетейік, 15 сәуірде Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков шұғыл қызметтердің жолын бөгемес үшін «Fire Lane» дәліздерін енгізуді ұсынған еді. Оның арқасында өрт сөндіру қызметкерлеріне сыртқы жағдай қиындық тудырмай, өз жұмыстарын жедел түрде атқаруға мүмкіндік беріледі.
Депутаттық сауалға берген жауабында Бектенов қазіргі уақытта өрт сөндіру көліктерінің кіріп-шығуына қойылатын талаптар «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентімен реттелетінін айтты.
«Биіктігі 28 метрге дейінгі көппәтерлі тұрғын үйлерге өрт сөндіру көлігінің өтуі бір жағынан, 28-ден 75 метрге дейінгі үйлерге екі жағынан, ал 75 метрден асатын үйлерге жан-жағынан ұйымдастырылуы тиіс. Осы ретте Төтенше жағдайлар министрлігі бұл талаптарды күшейтуді жоспарлап отыр», – делінген жауапта.
Айтуынша, өрт қауіпсіздігі жүйесін нығайту мақсатында ТЖМ «Ғимараттар мен құрылыстардың өрт қауіпсіздігі» құрылыс нормаларына түзетулер енгізу мәселесі қаралып жатыр. Онда көппәтерлі тұрғын үйлердің маңында өрт сөндіру техникасын жаюға арналған арнайы алаңдарды (өлшемі кемінде 15-те 6 метр, түрлі-түсті таңбасы бар және арнайы жол белгісі орнатылған) міндетті түрде салу көзделеді.
Сондай-ақ Олжас Бектенов жолды бөгеген көліктерді соғып өтуге (тарандауға) рұқсат берілмейтінін айтты. Оның сөзінше, бұл жолдың ашылуына кепілдік бермейді, керісінше, қосымша шығын мен қауіп-қатер әкелуі мүмкін.
«Құзырлы органдар жолды бөгеп тұрған көліктерді зақымдауға рұқсат беру мәселесін орынсыз деп санайды. Себебі кедергілер бар шектеулі жағдайларда өртті сөндірудің басқа да тәсілдері бар.
Сонымен қатар, тығыз салынған үйлердің аумағында өрт шыққан кездегі іс-қимыл алгоритміне сәйкес, өрт сөндіру бөлімшелерімен бірге жолды бөгеп тұрған көліктерді мәжбүрлі түрде эвакуациялау үшін полиция қызметкерлері де бірге шығады», – деп жазды Бектенов.
Айта кетейік, 12 сәуірде көпқабатты тұрғын үйдің 15 қабатынан өрт шығып 3 бала қайтыс болған еді. Депутат Құспековтың жолдаған сауалы осы қайғылы оқиғаға байланысты болды. Себебі, өрт сөндірушілердің жедел жұмысына үйдің алдында тұрған көлік бөгет болған.