Күнбағыс майы Қазақстан экспортының жаңа жұлдызына айналды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Күнбағыс майының экспорты рекордттық деңгейге жетті / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде соңғы жылдары көзге анық түсетін бір бағыт бар. Ол – күнбағыс майы. Бұрын сыртқы саудада аса ірі тауар саналмаған өнім қазір елдің маңызды экспорттық позицияларының біріне айналып отыр.

Сандардың өзі өзгерістің ауқымын көрсетеді. ҚР ҰСБ мәліметінше, 2015 жылы Қазақстан шетелге бар болғаны 19,1 мың тонна күнбағыс майын экспорттаған. Оның жалпы құны 18,2 млн доллар болды. Ал 2025 жылы экспорт көлемі 690,6 мың тоннаға жетті. Ақшалай мәнде бұл 698,3 млн доллар.

Экспорт

Күнбағыс майының экспорты

мың тонна

2015–2025 өсімі 36,2 есе +3 516,2%

Яғни 10 жыл ішінде экспорт көлемі шамамен 36 есе, ал құны 38 есеге жуық өсті. Бұл жай ғана табиғи өсім емес. Бұл – Қазақстанның аграрлық шикізатты өңдеу бағытында нақты экспорттық нарық қалыптастыра бастағанын көрсететін маңызды белгі.

Күнбағыс майы ұннан да озды

Қазір күнбағыс майы Қазақстанның агроэкспортындағы ең жылдам өскен тауарлардың біріне айналды. Көлем бойынша ол ұн экспортынан да озып, елдің агроөнімдері ішінде 2-орынға шықты.

Trade Report мәліметінше бұл жерде символикалық мән де бар. Ұн ұзақ жылдар бойы Қазақстанның өңделген аграрлық экспортының басты тауарларының бірі болып келді. Енді оның орнына майлы дақылдарды өңдеу өнімдері шығып жатыр. Бұл аграрлық экспорт құрылымының біртіндеп өзгеріп жатқанын білдіреді.

Қазақстан қазір әлемдегі күнбағыс майын экспорттаушы ірі елдердің қатарына кіре бастады. Ел топ-6 экспорттаушының ішінде аталады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан күнбағыс майын өндіруден әлемнің үштігіне кіруді, май-тоңмай саласы өнімдерінің экспорт көлемін 1 млрд доллардан асыруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз