Орталық Азиядағы ең ірі базарлар қандай

Kursiv зерттеуінше, Орталық Азиядағы ең ірі базарлар әлі де өңірлік сауданың негізгі тіректерінің бірі болып отыр. Бұл тек сауда жасайтын орындар емес. Олар мыңдаған адамға жұмыс беріп, импорт, экспорт және қайта экспорт ағынын ұстап тұрған үлкен экономикалық жүйе.
Ең ірі сауда тораптарының қатарында Алматыдағы «Барохолка», Бішкектегі Дордой базары, Ташкенттегі Абу Сахи базары, Алматы облысындағы Алтын Орда және Ашхабадтағы Алтын Асыр бар. Бұл базарлар Қытай, Ресей, Түркия, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымына тікелей әсер етеді.
Базарлар неге әлі маңызды?
Соңғы жылдары онлайн сауда, маркетплейстер және сауда орталықтары тез дамыды. Бірақ ірі базарлардың рөлі азайған жоқ.
Себебі қарапайым. Көптеген шағын дүкен, кәсіпкер және делдал тауарды әлі де осы базарлардан алады. Әсіресе киім-кешек, тұрмыстық заттар, құрылыс материалдары, азық-түлік және күнделікті тұтынатын тауарлар бойынша базарлар маңызды арна болып қалды.
Ірі базарлар бір мезетте бірнеше функция атқарады. Олар қойма, көтерме сауда орталығы, логистика нүктесі және бөлшек сауда алаңы ретінде жұмыс істейді. Сондықтан олардың ықпалы бір қаламен шектелмейді.
Бірінші орында – Алматыдағы Барохолка
Kursiv зерттеуінше, Алматыдағы Барохолка Орталық Азиядағы ең ірі сауда кластерлерінің бірі саналады. Бұл бір ғана базар емес, бірнеше ірі сауда нүктесін біріктіретін үлкен жүйе.
Барохолка аумағында 10-нан астам ірі базар жұмыс істейді. Онда 100 мыңға жуық саудагер мен жұмысшы еңбек етеді деген бағалау бар. Бұл көрсеткіш бойынша ол өңірдегі ең ірі сауда тораптарының қатарына кіреді.
Барохолканың басты артықшылығы – Алматының орналасуы. Қала Қазақстандағы ең ірі тұтыну нарығының орталығы. Сонымен қатар Алматы арқылы Қытайдан, Қырғызстаннан, Ресейден және басқа елдерден келетін тауарлар тарайды.
Бұл базарлар тек Алматы тұрғындары үшін ғана емес, өңірлердегі кәсіпкерлер үшін де маңызды. Көптеген шағын дүкендер тауарды осы жерден алып, кейін өз қаласында қайта сатады.
Дордой – Қырғызстанның қайта экспорт қақпасы
Екінші ірі сауда хабы -Бішкектегі Дордой базары. Ол ұзақ жылдар бойы Қырғызстан экономикасының бейресми символдарының бірі болып келді.
Дордойда 70 мыңнан астам саудагер мен жұмысшы бар деп бағаланады. Бұл базар Қытайдан келетін тауарларды Қырғызстан, Қазақстан, Ресей және басқа елдерге тарататын маңызды орталыққа айналды.
Дордойдың күші – қайта экспортта. Яғни тауар бір елден келіп, кейін басқа нарықтарға қайта жіберіледі. Бұл Қырғызстан үшін жұмыс орны, салық, логистика және шағын бизнес табысы деген сөз.
Бірақ тәуекел де бар. Егер шекарадағы бақылау күшейсе, логистика қымбаттаса немесе Ресей мен Қазақстандағы сұраныс төмендесе, Дордойдағы сауда бірден баяулауы мүмкін.
Абу Сахи – Ташкенттің ірі сауда нүктесі
Үшінші орында Ташкенттегі Абу Сахи базары. Бұл Өзбекстандағы ең танымал ірі сауда кешендерінің бірі.
Бағалауға қарағанда, базарда 3 000-нан астам сауда орны бар. Күн сайын 10 мыңнан астам адам келеді. Бұл оның Ташкент ішіндегі ғана емес, бүкіл ел бойынша маңызды сауда орталығы екенін көрсетеді.
Өзбекстанда халық саны көп. Ішкі нарық та үлкен. Сондықтан Абу Сахи сияқты базарлар ел ішіндегі тұтыну сұранысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Мұндай базарлар әсіресе шағын және орта бизнеске қажет. Себебі кәсіпкерлер тауарды бір жерден алып, оны дүкен, базар немесе онлайн арна арқылы сата алады.
Алтын Орда – Алматы маңындағы басты сауда хабы
Алтын Орда – Алматы облысындағы ең белгілі сауда орталықтарының бірі. Ол негізінен азық-түлік, күнделікті тауар және көтерме-бөлшек саудамен байланысты.
Бұл базарда 20 мыңға жуық саудагер мен жұмысшы бар деп бағаланады. Алматы маңындағы орналасуы оған үлкен артықшылық береді. Себебі қала мен облыстың тұтыну нарығы өте ірі.
Алтын Ордадағы баға қозғалысы кейде Алматыдағы тұтыну бағасына да әсер етеді. Әсіресе азық-түлік бойынша көтерме баға өзгерсе, ол дүкен сөрелеріне де жетуі мүмкін.
Сондықтан бұл базарды тек сауда орны деп қарау дұрыс емес. Ол Алматы агломерациясындағы баға, жеткізу және шағын бизнес үшін маңызды инфрақұрылым.
Алтын Асыр – Түрікменстандағы ірі базар кешені
Ашхабадтағы Алтын Асыр базары да өңірдегі ірі сауда нүктелерінің қатарына кіреді. Онда 2 000-нан астам дүкен мен павильон бар деп бағаланады.
Базарда 20 мыңға жуық саудагер мен жұмысшы еңбек етеді. Бұл оны Түрікменстандағы ең ірі әрі танымал сауда кешендерінің біріне айналдырады.
Алтын Асырдың ерекшелігі — оның ауқымы мен ұйымдастырылуында. Ол классикалық базар мен заманауи сауда кешенінің аралығындағы форматқа жақын.
Түрікменстан нарығы жабықтау болғандықтан, мұндай сауда нүктелері ел ішіндегі тауар айналымында ерекше орын алады.
Еске сала кетейік, Kursiv Media ең танымал деген базарлардың иесі кім екенін анықтаған болатын