Экономика

Қазақстандағы криптовалютаның 90 пайызы көлеңкелі айналымда жүр

Заңсыз айналымдағы криптовалютаның үлесі басым / Фото: shutterstock

Қазақстан майнинг бойынша әлемдегі ТОП-10 елдің қатарына кіргенімен, цифрлық активтердің заңды айналымы (шамамен 8 млрд доллар) бойынша тіпті Қырғызстаннан айтарлықтай артта қалған.

Сарапшылар елдегі криптонарықтың 80–90%-ы «көлеңкелі аймақта» екенін айтады. Бұл туралы «Қазақстан Республикасында криптоиндустрияны дамыту және реттеу ерекшеліктері» атты жабық дөңгелек үстел барысында белгілі болды.

2026 жылғы 1 мамырдан күшіне енген «Цифрлық активтер туралы» жаңа Заң нарықты ауқымды заңдастыруға құқықтық негіз қалайды. Бірақ оған реттеуші, салық мекемелері, банк пен нарық өкілдері бірлесіп жұмыс істеуі шарт.

«Атамекен» ҰКП Төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов нарықтағы ахуалды көрші елмен салыстыра отырып, мынадай статистиканы алға тартты:

«Қырғызстан реттеушісінің мәліметінше, олардағы криптоиндустрияның заңды айналымы 31 миллиард долларға жеткен. Ал біздің қолда бар деректер бойынша, Қазақстанда көрсеткіш небәрі 8 миллиард доллар шамасында. Қазақстанның экономикасы бай, халқы көп болса да, заңды нарығымыз төрт есе кіші болып отыр. Сонымен қатар, кейбір есептерге сүйенсек, отандық криптонарықтың 90%-ы көлеңкеде жүр. Осыған байланысты біз капиталға криптоамнистия жариялауды ұсынамыз – бұл бүкіл индустрияға үлкен серпін берер еді.»

CaspianEx криптобиржасының басқарушы компаниясы – «Top Line Limited» СЕО-сы Максат Салпыновтың айтуынша, банктер транзакцияларды нақты уақыт режимінде талдайтын KYT жүйелерін енгізбейінше, көлеңкелі нарық жойылмайды. Алайда банктер бұған асығар емес, оларға жоғарыдан нақты пәрмен керек. Ал бұл уақытта «сұр» айырбастау пункттері арқылы миллиардтаған қаржы ағылып жатыр.

Екі реттеуші мәселесі: бәсеке ме, әлде үйлесім бе?

Қазіргі кезде Ұлттық Банк пен AFSA (Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті) мандаттарының қатар атқарылуы өзекті сауал тудырып отыр. Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтың пікірінше, қос бірдей реттеушінің болуы аса құптарлық жайт емес.

«Бұл бизнес үшін қайшылықтар тудырады: кәсіпкер мәселесін шешу үшін кімге барарын білмей дал болады. Сондықтан бізге не бірыңғай мемлекеттік орган, не «бір терезе» механизмі қажет. Криптовалютаның қор нарығына балама ретіндегі әлеуеті орасан зор, біз осы мүмкіндікті ашуға көмектесуге дайынбыз», – деді ол.

Криптобизнес өкілдері үшін ең үлкен кедергі банктердің төлем шлюздерін ашпауы болып отыр. ҚР Ұлттық Банкінің реттеушілік құмсалғышында (песочница) жұмыс істейтін «BIT2CASH.KZ» криптоалмастырғышы бас директорының орынбасары Владимир Лигай жағдайды былай түсіндірді:

«Криптоалмастырғышты қосуға толық дайынбыз: қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл (ПОД/ФТ) талаптарына саймыз, KYC жүйесі де қосылған. Бірақ банктер бізді тәуекел аймағы деп санап, төлем шлюздерін жауып тастайды. Комплаенс жүйесі тым қатаң. Реттеуші тараптан осы өзара іс-қимылды ретке келтіруге көмектесуін сұраймыз.»

Biometric Vision компаниясының бас директоры Әлібек Нәрімбай қазақстандықтардың жеке мәліметтерінің қауіпсіздігі мен деректер егемендігі мәселесін көтерді.

«Отандық криптобиржалардың басым бөлігі шетелдік KYC-провайдерлерінің қызметіне жүгінеді. Салдарынан, сәйкестендіруден өткен клиенттердің барлық мәліметі беймәлім стандарттар бойынша шетелде сақталып жатыр. Бізге деректерді өз елімізде сақтайтын, криптобиржаларға арналған орталықтандырылған мемлекеттік сәйкестендіру жүйесі қажет. Біз қазірдің өзінде Binance және Bybit компанияларымен жұмыс істеп жатырмыз және осындай жүйені құруға көмектесуге әзірміз», – деді ол.

Бұған дейін Қазақстанда криптовалютаны заңды түрде қолдануға мүмкіндік беретін CryptoCity пилоттық жоба іске қосылатыны хабарланған.