Toyota Camry XV70-тің әлсіз тұстары белгілі болды

Сегізінші буындағы Toyota Camry нарықтағы, соның ішінде Қазақстандағы ең сенімді седандардың бірі саналады. Дегенмен XV70 индексімен шығарылған жапондық моделдің иелері оның бірқатар әлсіз тұстарын да анықтаған. 100 мың шақырымға дейін жүрген көліктерде жиі кездесетін ақаулар туралы «За рулем» журналы жазды.
Camry қандай артықшылықтарымен бағаланады
Көп жүргізушілер Toyota Camry-ді жайлы аспасы, жақсы динамикасы және жоғары сенімділігі үшін жоғары бағалайды. Сонымен қатар кең салоны мен көлемі 500 литр болатын жүксалғышы да артықшылықтарының қатарына жатады.
Алайда көліктің кемшіліктері де жоқ емес. Жүргізушілер көбіне жол саңылауының (клиренс) төмендігіне шағымданады. Өндіруші көрсеткен 155 мм клиренс көлікке жолаушылар мен жүк тиелген кезде 140–145 мм-ге дейін азаюы мүмкін. Бұл қыс мезгілінде және жол сапасы нашар аймақтарда қиындық туғызады.
Бұдан бөлек, көптеген жүргізуші бояу қабатының тез сызылатынын және мультимедиа жүйесінің ескіргенін атап өтеді. Ал кейбір жүргізушілер көліктің дыбыс оқшаулау деңгейін жеткіліксіз деп санайды.
Қандай ақаулар жиі кездеседі
Жалпы сенімділігі жоғары болғанымен, Camry 70 моделінде кейбір ақаулар 100 мың шақырымға жетпей-ақ байқалуы мүмкін.
Көлік иелері көбіне алдыңғы амортизаторлар мен олардың тірек бөлшектерінің мерзімінен бұрын тозуына тап болады. Рестайлингке дейінгі кейбір нұсқаларда амортизатор тіректері 50 мың шақырымға да жетпей істен шығып, кепілдік аясында ауыстырылған.
Жиі кездесетін ақаулар қатарына генератор, автоматты беріліс қорабы, белдік кергішінің ролигі, артқы амортизаторлар, есік шектегіштері және жүргізуші орындығындағы бос люфт та жатады.
Ал 100 мың шақырымнан кейін кейбір көліктерде автоматты беріліс қорабының жұмысы бірқалыпсыз болып, қозғалыс кезінде жұлқып ауысу белгілері байқалуы мүмкін. Мамандар мұны беріліс қорабы бөлшектерінің ескіруімен және жоғары жүктеме кезінде қызып кетуімен байланыстырады.
Қозғалтқыштарда қандай мәселелер кездеседі
120–150 мың шақырым жүргеннен кейін кейбір көліктерде қозғалтқыш майын тұтыну көлемі артуы мүмкін. Алайда Toyota қозғалтқыштарының көпшілігінде мұндай жағдай жиі кездеседі.
Ал су сорғысына (помпаға) қатысты кең тараған ақаулар туралы пікірлер расталған жоқ. Басылымның мәліметінше, мұндай жағдайлар сирек кездеседі.
Сондай-ақ 2020 жылдан кейін екі литрлік қозғалтқышпен жабдықталған нұсқаларға орнатылған вариаторға қатысты да әзірге елеулі шағымдар тіркелмеген.
Қорытындысында сарапшылар Camry XV70 өз класындағы ең сенімді модельдердің бірі болып қала беретінін атап өтті. Алайда седанды мүлде ақаусыз көлік деп айтуға болмайды.
Осыған дейін танымал автоблогер әрі интернет-сериал жұлдызы Артём Карокозян көпшіліккеToyota Camry-дің артықшылығын атаған еді.