Депутат қай өңірлерде сталкинг жиі кездесетінін айтты

Депутат Снежанна Имашева Мәжіліс кулуарында еліміздің барлық өңірінде сталкинг мәселесі кездесетінін айтты. Дегенмен кейбір өңірлерде көбірек тіркеліп жатады.
«Статистикаға сүйенсек, Алматы, Астана қалалары, Алматы облысында көбірек дерек тіркелген. Сәйкесінше, мұнда халық та көп шоғырланған. Жалпы барлық өңірде сталкинг мәселесі бар», – деді Снежанна Имашева Мәжіліс кулуарында.
Сонымен қатар депутат сталкингті басқа да қарым-қатынастардан қалай ажыратуды, қай кезде полицияның көмегіне жүгіну керек екенін түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, нақты хабарлама мен қоңыраудың санында шектеу жоқ. Тіпті бір хабарлама немесе қоңыраудан көңіліңізде үрей туындаса сол уақытта да полицияға хабарласуға болады.
«Егер мұндай хабарламалар бойыңызға қорқыныш ұялатса бірден полицияға жүгіну керек. Ал бұл сталкинг пе, әлде басқа ма оны полицияның өзі анықтайды», – деді депутат.
Имашева сонымен қатар «романтикалық» қадамдар, сыйлықтар, гүлдер беру және мекенжайды білуге тырысу сияқты жағдайларды да түсіндіріп өтті.
«Егер бұл әрекеттер ыңғайсыздық тудырса «жоқ» деп нақты айту керек. Ал бас тартқаннан кейін де қудалау жалғаса беретін болса бұл сталкинг деп танылуы мүмкін», – деді ол.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі сталкинг үшін жазаны қатаңдатуды ұсынған еді. Депутат аталған мәселе бойынша жұмысты енді қарауға алғандарын айтты.
«Біз бұл бастаманы енді ғана қарауға кірістік. Қазір сталкинг бір рет болғаны үшін құқықбұзушылық болып саналады. Сондықтан бүгінгі дөңгелек үстелде жазаны әрі қарай қатаңдату жолын қарастыру керек пе, жоқ па – осы мәселені талқыладық. Уақыт өте келе Қылмыстық кодексте баптың екінші бөлігі де пайда болуы мүмкін. Яғни, қайталап жасағандарға, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты дегендей», – деді Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.
Айта кетейік, елімізде жыл басынан бері сталкинг бойынша 41 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 11 мыңнан астам адам қамауға алынды.