Кәсіпкерлер 8 түрлі салық пен төлемді енді бір жерден төлей алады

Жарияланды 9 Маусым 2026 09:51

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Шағын және орта бизнеске арналған пилоттық жоба іске қосылады / Фото: shutterstock

Жұмыс беруші салығы мен әлеуметтік төлемдерін бөлек-бөлек есептеудің машақаты артта қалмақ. Енді сегіз түрлі аударымды бір жерден, небәрі бір батырманы басу арқылы төлеуге болады. Шағын және орта бизнес үшін салық есептілігін түбегейлі жеңілдететін мүлдем жаңа сервис іске қосылмақ.

Пилоттық жоба 2026 жылдың қыркүйек айында басталады деп жоспарланған.

Жаңа жүйе «Салық төлеушінің кабинетіне» біріктіріледі. Оның көмегімен кәсіпкерлер барлық міндетті аударымды есептеп, бір ғана батырманы басу арқылы төлей алады.

Бұл бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, тоқсан сайын өткізілетін 200.00-нысанды есептіліктен толықтай бас тартуға мүмкіндік береді.

Қазір жұмыс берушілер әр жұмысшы үшін сегіз түрлі әлеуметтік төлем жасауға міндетті және олардың әрқайсысы бөлек әдістеме бойынша есептеледі.

Ал жаңа сервис қолданыстағы жеңілдіктер мен қызметкерлердің санатын ескере отырып, барлық төлемді автоматты түрде есептеп шығарады. Тіпті төлем құжаттарын банкке өзі жолдайды.

Сондай-ақ жүйеде жұмыс уақытын есепке алу табелін жүргізу мүмкіндігі қарастырылған, бұл мәліметтер негізінде жалақы мен салық өздігінен есептеледі.

Алғашқы кезеңде жоба шағын және орта бизнеске арналып, кейіннен бухгалтерлік жүйелермен байланыстылған соң, ірі кәсіпорындарға да енгізілмек. Кәсіпкерлер оны ерікті түрде пайдаланады.

Егер 2026 жылдың қыркүйегіндегі сынақ сәтті өтсе, сервис 2027 жылдың қаңтарынан бастап тұрақты түрде жұмыс істейді.

Салық сарапшысы Дмитрий Казанцев салық органдары Қазақстанның әр азаматының тапқан табысы, кірісі мен шығысы, жұмсаған ақшасы жайлы егжей-тегжей ақпарат жинап, бақылап отырғанын айтады.

Сондай-ақ оқыңыз