Мешітте футбол көрсетпек болғандардың басы дауға қалды

Түркияның Сакария аймағындағы Расимпаша мешітінде жастарға арнап үлкен экранда футбол матчын көрсету бастамасы қоғамда қызу талқыға түсіп, соңы дауға ұласты. Қоғам белсенділері мен діни қауымдастықтың наразылығынан кейін, жастарды мешітке тарту мақсатында жоспарланған шара ресми түрде тоқтатылды.
Оқиға Сакария провинциясының Хендек ауданында болған. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, мешіт ішіне дәу экран орнатып, футболдан Әлем чемпионатының матчын бірге тамашалау идеясын Али Инджи көтерген. Ол Расимпаша мешіті діни қорының төрағасы әрі биліктегі Әділет және даму партиясының Сакариядан сайланған депутаты.
Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, бұл шара жастардың мешіт ортасымен тығыз байланыс орнатуына, әрі әлеуметтік, әрі рухани тұрғыдан жақындасуына септігін тигізуге тиіс болған. Тіпті бағдарламаға сәйкес, жастар алдымен таң намазына қатысып, артынан бірге таңғы ас ішіп, содан кейін ұлттық құраманың ойынын тамашалауы керек еді.
Алайда жаңалық әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде жарияланған сәттен бастап қоғам тарапынан қатаң сынға ұшырады. Көпшілік құлшылық үйінің футбол жанкүйерлері айқайлап, эмоция шығаратын стадионға айналмауға тиістігін алға тартты.
Мүфтияттың мәлімдемесі: «Біздің қатысымыз жоқ»
Қоғамдық қысым артқан тұста Хендек аудандық мүфтиі Осман Сағлам арнайы мәлімдеме жасап, бұл шарадан ресми діни басқарма бейхабар болғанын жеткізді.
«Аталған ұйымдастыру шарасы мүфтияттың рұқсатынсыз және мақұлдауынсыз жоспарланған. Сондықтан шараны біздің мекеменің ресми қызметі ретінде қарастырмауды сұраймыз. Қоғамдағы түсініспеушіліктің алдын алу үшін бағдарлама толықтай тоқтатылғанын хабарлаймыз», – делінген ресми жауапта.
Діни басқарма мен ұйымдастырушылар арасындағы шұғыл кездесуден кейін, «мешіт ішінде футбол матчын тамашалау діни этика мен мешіт мәдениетіне сай келмейді» деген ортақ шешім қабылданып, бағдарлама күн тәртібінен алынып тасталды.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы футболдан Әлем чемпионатының (ӘЧ-2026) барлық матчын отандық Qazaqstan және Qazsport телеканалдары тікелей эфирде көрсетеді.