Lifestyle

Мұхтар Жәкішев күйеубаласының ұлтына шүйліккендерге жауап берді

Мұхтар Жәкішевтің күйеубаласы мен құдалары / фото: instagram

Мұхтар Жәкішев отбасындағы үлкен қуанышымен бөлісе отырып, желідегі парақшасында жүрекжарды жазба қалдырды. 5 маусым күні кіші қызы Алтынай тұрмысқа шығып, ұясына қонды.

Түрмедегі хаттан ақ босағаға дейін

Әрбір әке үшін қызының бойжетіп, өз серігін табуы толғандырар сәт. Алайда бұл тойдың Мұхтар Жәкішев үшін мәні тым бөлек. Өз жазбасында өткен күннің ең ауыр, өкінішті сәттерін жасырмай, ашық айтты.

«Үлкен қызым тұрмысқа шыққанда, мен түрмеде отырдым. Ол кезде әке ретінде қолымнан келгені ақ тілегімді қағазға түсіріп, хатпен беріп жіберу ғана болды. Сол хат тойында оқылды. Ал бүгін бәрі басқаша. Қызыңның қуанышында қағаздағы құрғақ сөзбен шектелмей, өз сөзіңді өзің айта алуың неткен бақыт!», – деп ағынан жарылды ол.

Мұхтар Жәкішев қызы Алтынайдың балалық шағы әкесіз өткенін, ол тұтқындалғанда қызы небәрі 9 жаста болғанын қинала еске алады. Алайда анасының аялы алақанынан жырақтап, жат тілде сөйлейтін мектеп-интернатта оқыса да, Алтынай мойымаған. Ол бүгінде мектеп пен университетті үздік бітіріп, кәсіби журналист, әлемдік алпауыт компаниялардың жарнамаларына шығатын табысты модель болып қалыптасқан.

«Намыс күйеу баланың ұлтымен өлшенбейді»

Алтынайдың таңдауы Карл есімді шетел азаматына түскен. Жастардың таныс болғанына алты жылдан асқан. Осыдан екі жыл бұрын Карл Алматыға арнайы келіп, Мұхтар Жәкішевтің алдынан өтіп, батасын алған екен. Алтынайдың әкесі күйеубаласының азаматтық ұстанымын, еңбекқорлығы мен қайсарлығын жоғары бағалайды.

Сонымен қатар Жәкішев желіде күйеубаланың ұлтына қатысты сұрақтарға жауап берді.

«Намыс күйеу баланың ұлтымен өлшенбейді. Намыс дегеніміз – сол намыс үшін тым жоғары баға төлеуге тура келгенде, адамдық арың мен абыройыңды таза сақтап қала алуыңмен өлшенеді! Ұлттың жаманы болмайды, жаман адамдар болады. Ар-ұжданын мансапқа айырбастап, маған қарсы істі қолдан құрастырған тергеушілердің, прокурорлар мен судьялардың ішінде бірде-бір шетелдік болған жоқ», – деп кесімді сөзін айтты.

Ұлыбританиядан келген жаңа құдалар

Карлдың отбасы Ұлыбританияда тұрады. Олар ағылшын елінде 70 жылдан астам уақыт бойы өмір сүріп жатқанына қарамастан, өздерінің шыққан тектерін ұмытпаған. Тіпті, қазаққы тойға құрмет ретінде өздерінің ұлттық киімдерін киіп келген.

Мұхтар Жәкішев күйеу баласының әкесі белгілі инвестициялық банкир Генримен құрдас екенін және онымен әлемдік экономикалық үрдістер туралы пікір алмасып, керемет әсер алғанын жазады. Жаңа құдалардың Алтынайға деген ыстық ықыласы мен құрметіне ризашылығын білдірді.

«Әкелерің әрқашан сендермен бірге»

Сөз соңында Мұхтар Жәкішев балалары қандай қиындық көрсе де, адам деген атқа лайық азамат болып өскеніне мақтанатынын жеткізді. Ол жас жұбайларға ұзақ та бақытты ғұмыр тілей отырып, перзенттеріне ең маңызды сөзді қалдырды.

«Мына дүниені естен шығармаңдар: қандай жағдай болса да, әкелерің әрқашан сендермен бірге. Сендерді жақсы көремін», – деп жазды.

Бұл жазба желі қолданушыларының арасында үлкен қолдауға ие болып, мыңдаған жылы лебіз бен ақ тілекке ұласты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мұхтар Жәкішев Лондоннан келген құдаларын Алматыда қыдыртқан сәттерін көрсеткен еді.