«Негативке көп мән береді»: министр Шайдоровтың дауына журналистер кінәлі дейді

Михаил Шайдоров пен министрлік арасында еш текетірес болмаған. Керісінше БАҚ өкілдері жариялаған материалдардан қоғамда сондай көзқарас қалыптасқан. Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов осылай деді.
Журнлист Тамара Вааль оған Шайдоровқа қатысты дау кезінде арнайы тапсырыс болды ма деген сауал қойды. Министр бұл сұраққа жауап беруден бас тартып, журналистер негативке тым көп назар салады деген ойын айтты.
«Мәселен, бізде әрбір спорт түрінен 20 тарихи көрсеткіш бар. Біз оны үнемі жариялап отырамыз, бірақ сіздер білмейсіздер. Яғни оны аса ешкім байқап отырмайды», – деген ол журналистердің спортшының дауына ерекше назар қойғанын меңзеді.
Ведомство басшысының сөзінше, министрлік пен спортшы арасында мүлде текетірес болмаған.
«БАҚ министрлік пен спортшыны бір-біріне қарсы күштер сияқты көрсетті. Бірақ шын мәнінде олай емес. Бізде барлығы дұрыс, спортшымен медаль алуға бірге дайындалып жатырмыз», – дейді Мырзабосынов.
Бірақ сондай мақсатта жарияланған материалдар спортшының өзіне зиян тигізетінін айтты.
«Көбінде мемлекет мүлде қатыспаған (Шайдоровтың алтын медаль алуына – ред.) дегендей көрсетілді. Бұл екі тарап арасындағы текетірес емес. Бірақ кей сәттерде сараптама солай болып жатқанын көрсетуі мүмкін. Мен тағы да айтайын, спорт – халықаралық алаң, ол жерде біздің ішкі мәселелеріміз де анық байқалады. Яғни судьяларға дейін бақылап отыратын халықаралық сала. Егер осының барлығын жасасақ (БАҚ-тағы негатив жарияланым- ред.), біз бірінші кезекте спортшыға зиян келтіреміз, ол алаңдайды», – дейді министр.
Шайдоров «еңбек сіңірген спорт шебері» құжатын қашан алды?
Журналистер министрден Шайдоровқа «еңбек сіңірген спорт шебері» құжаты неге кеш берілгенін де сұрады.
«Бұйрыққа шынымен бұрынырақ қол қойған. Бірақ техникалық мәселеге байланысты сол кезде құжаттың өзіне табыстау мүмкін болмады. Қазір ол құжатты және еңбек сіңірген спорт шебері төсбелгісін Михаил алды. Бірақ АҚШ-қа дайындыққа байланысты ресми түрде ұсына алмадық. Меніңше, алда ондай мүмкіндік туады», – деп түсіндірді Мырзабосынов.
Шайдоров төңірегіндегі дау 27 мамырда басталған. Тимур Балымбетовке берген сұхбатында ол бес айдан бері жалақы ала алмай жүргенін айтты. «Еңбек сіңірген спорт шебері» құжатын да алмаған екен.
Министрлік бес ай кешікті деген ақпаратты теріске шығарып, тек екі ай үшін төленбегенін және ол келісім-шарттың жасалуына байланысты тоқтап тұр деп түсіндірді.