Қазақстандық Threads қолданушылары емізулі сәбимен жүрген курьер ананы іздестіруде

Қазақстандық Threads қолданушылары емізулі сәбиімен бірге курьер болып жүрген анаға іздеу салды.
Қолданушылардың айтуынша, олар бұл ананы іздеп Яндекс жеткізу қызметіне де, Еңбек министрлігіне де, суретке түсірген адамға да тіпті полицияға да жүгініп, таба алмаған.
Ақпаратты таратқан BuzyqMedia арнасына тек фотоның түсірілген уақыты мен орны белгілі. Сурет 8 маусым күні сағат кешкі 5-ке жақын Алматы қаласы Брусиловский көшесіндегі 159 үйдің маңында түсірілген.
«Бір қолында қаршадай шақалағы бар курьер болып жүрген әйелді тредс түгел іздеп таба алмай жатыр. Көпшілік көмек қолын созғысы келеді», – деп жазды қолданушылар.
Желі қолданушылары бәрінен де балаға жандары ашып жатқанын, пысылдап ұйықтап жататын шағында күннің астында жүргенін айтып, әйелге іздеу салуда.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда 14-18 жас аралығындағы 1,7 млн балаға жұмыс істеуге рұқсат берілгенін жазған едік.