Қырғыз әуе компаниялары 20 жылда алғаш рет ЕО елдеріне ұшуға рұқсат алды

Еуропа одағы (ЕО) Қырғызстан әуе компанияларын авиация саласындағы «қара тізімнен» ресми түрде шығарды. Шешім Қазақстан жолаушыларына да тиімді.
Реформа жемісі
Қырғыз әуе компаниялары 20 жылда алғаш рет Еуропа елдеріне қатынай алады. Осындай шешім 19-21 мамырда ЕО Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитетінің (ASC) отырысында қабылданған. Ал осы аптада ресми түрде жарияланды.
Қырғызстан EU Air Safety List тізімінде 2006 жылдан бері тұрған. Жиырма жылдан кейін ғана көрші елдің әуе компаниялары ЕО елдеріне қатынауға мүмкіндік алып отыр.
Кейінгі жылдары қырғыз үкіметі азаматтық авиация саласында ауқымды реформа жүргізді. Қауіпсіздік стандарттарын ИКАО (ICAO) талаптарына сәйкестендірді. Бұған қоса, 11 әуежай жаңартылып, жаңа ұшақтар сатып ала бастады.
Мәліметтерге қарағанда, биылғы наурызда Еуропалық комиссия мамандары Қырғызстанға барып, тексеру жүргізген. Олар елдің соңғы жетістіктерін жоғары бағалаған.
Енді қырғыз әуе компаниялары ЕО елдерінің әуе кеңістігін ешқандай шектеусіз қолданып, тікелей рейстер аша алады. Үкімет ең әуелі Бішкектен Берлин, Лондон және Париж сияқты ірі қалаларға тікелей әуе бағыттарын қосуды көзеп отыр.
Қазақстанға тиімді
Осындай шешім Қазақстандағы жолаушылар үшін де өте тиімді. Әсіресе Алматы, Тараз, Шымкент тұрғындар үшін Еуропаға ұшудың жаңа мүмкіндіктері ашылады. Өйткені Қырғызстанның «эконом» және «лоукостер» бағытындағы әуе компаниялары Еуропаға арзан билеттер ұсына бастайды.
Бұған дейін Kursiv.Media отандық Air Astana әуе компаниясы Дубайға қайтадан қатынай бастайтыны туралы жазған.