Экономика

«Самұрық-Қазына» табысы артқанымен, таза пайдасы неге 95 млрд теңгеге азайды

«Самұрық-Қазына» қоры / фото: «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз орталығы

2025 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» қорының жалпы түсімі 18,77 трлн теңгеге жетті. Бірақ Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланған аудиторлық есепке қарасақ, қордың таза пайдасы төмендегенін көреміз. Былтыр таза пайда 3,31 трлн теңге болса, биыл ол 95 млрд теңгеге азайып, 3,21 трлн теңгені құрады.

Активтер мен капитал қалай өзгерді?

Қордың негізгі қаржылық көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетіп отыр. Жалпы активтер көлемі 44,24 трлн теңгеге жетті (2024 жылы бұл көрсеткіш 41,11 трлн теңге болған).

Меншікті капитал шамамен 1,88 трлн теңгеге көбейіп, 27,18 трлн теңгені құрады. Активтердің өсуімен қатар, қордың міндеттемелері (қарыздары) де 15,81 трлн теңгеден 17,06 трлн теңгеге ұлғайды. Дегенмен міндеттемелер мен капиталдың арақатынасы қордың қарыз жүктемесінің қауіпсіз деңгейде екенін білдіреді.

Кіріс көп, бірақ шығын да аз емес

Қордың жалпы түсімі бір жыл ішінде 16,4 трлн теңгеден 18,77 трлн теңгеге өсті. Сондай-ақ, жалпы пайдасы да 3,99 трлн теңгеден 4,25 трлн теңгеге ұлғайды.

Дегенмен, осыншама қыруар кіріске қарамастан, таза пайданың 95 млрд теңгеге кемуі өте маңызды сигнал. Бұл қор құрамындағы ұлттық компаниялардың операциялық, әкімшілік немесе қаржылық шығындарының кірістен де жылдам өскенін көрсетеді.

«Самұрық-Қазына» – жалғыз акционері ҚР Үкіметі болып табылатын басты мемлекеттік қор. Ол «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», KEGOC және «Қазатомөнеркәсіп» сияқты еліміздің ең ірі стратегиялық компанияларын басқарады. Сондықтан бұл қордың қаржылық нәтижелері – бүкіл квазимемлекеттік сектор жұмысының тиімділігін көрсететін басты айна.

Еске сала кетейік, «Самұрық-Қазына» ҚТЖ IPO-сы кейінге қалмайтынын мәлімдеді