Lifestyle

26.06.2026: әдемі датада үйлену үшін қашан өтініш беру керек

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

2026 жылғы 26 маусым – неке қию үшін биылғы жылдың ең әдемі күндерінің бірі. Бұл атаулы дата жастар арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Биыл шаңырақ көтеретін жұптардың көбі дәл осы 26.06.2026 күнін сандардың әдемі үйлесімі үшін таңдап отыр.

Алайда бұл күнге тіркелу үшін өтінішті 11 маусымға дейін тапсырып үлгеру қажет. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы неке тіркеу үшін өтініш алдын ала берілетінін еске салды.

«Егер дәл осы күні бір-біріңізге «иә» деп айтуды жоспарласаңыздар, өтінішті алдын ала беруді ұмытпаңыздар. Неке қиюды тіркеуге өтініш таңдалған күннен 15 күнтізбелік күн бұрын беріледі. Сондықтан өтінішті 2026 жылғы 11 маусымда тапсыру қажет», – деп хабарлады мемлекеттік корпорация.

Соңғы жылдары әдемі даталар жас жұбайлар арасында ерекше сұранысқа ие болып келеді. Көптеген жұп сандардың ерекше үйлесімі бар күнді арнайы таңдап, оны ұмытылмас әрі отбасылық өмір үшін символдық мәні бар дата деп есептейді.

Еске салайық, некені тіркеуге eGov.kz арқылы онлайн өтініш беруге болады. Ресми ақпаратқа сәйкес, eGov.kz арқылы Қазақстан аумағында да, шетелде де некені тіркеуге өтініш беруге болады. Некені тіркеуге өтініш беру үшін «отбасы» бөліміне кіру қажет. Одан кейін «отбасылық жағдайы» → «неке қиюға өтініш» деп таңдау керек. Ол жерде өтініш беруші туралы ақпаратты толтырып, әрі қарай қол қоюға жіберіледі.