20 жаста 6,7 млн теңге: жастардың зейнетақы жинағының жеткілікті шегі неге жоғары

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
ЕНПФ
БЖЗҚ жеткілікті шек неге қатты көтерілгенін түсіндірді / Фото Асқар Ахметуллин

Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға қойылатын ең төменгі жеткілікті шегі (ТЖШ) қоғамда үлкен дау тудырды. Әсіресе, жасы жиырмаға жаңа толған жастар үшін бұл меженің 6 миллион теңгеден асып жығылуы көпшілікті таңғалдырды. Осыған байланысты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) жастар үшін талаптың неліктен жоғары екенін және бұл есептің артында қандай экономикалық заңдылықтар тұрғанын түсіндірді.

Болашақ зейнетақыға жас кезден жинау керек

БЖЗҚ мамандарының айтуынша, жеткіліктілік шегін есептеу кезінде адамның қазіргі табысы емес, оның болашақта алатын зейнетақысының көлемі негізге алынады. Әлемдік тәжірибеде зейнетақы жүйесі азаматтардың бүкіл еңбек жолында, яғни 30-40 жыл бойы қаражат жинауына негізделген. Сондықтан жас кезде бұл межені бағындыру оңай емес.

Мұндағы басты ерекшелік – күрделі пайыз механизмінде. Еңбек жолының басында аударылған зейнетақы жарналары ұзақ уақыт бойы айналымда болады және басқаларға қарағанда ең жоғары инвестициялық табыс әкеледі. Егер жастар бұл ақшаны қазір алып қойса, болашақ зейнетақысының көлемін айтарлықтай азайтып алады.

Ең төменгі жеткілікті шек – бұл белгілі бір жаста шотта тұруға тиіс ең аз сома. Азамат кейіннен жарна аудармай кеткен күннің өзінде, осы жинақ инвестициялық кірістің арқасында зейнет жасына дейін өсіп, қарттықта қажетті төлемдерді қамтамасыз ете алуы керек.

Мамандар мысал ретінде 20 жастағы салымшыны келтіреді: егер оның шотында қазір 6 миллион теңгеден астам қаражат болса, сома зейнетке шыққанша қалған 40 жыл ішінде инвестициялық табыс есебінен тиісті деңгейге дейін өздігінен өседі.

Бұдан бөлек, бұл есеп Халықаралық еңбек ұйымының зейнетақымен қамсыздандыру стандарттарына сүйенеді.

«Оған сәйкес, табысты алмастыру коэффициенті 40%-дан төмен болмауы тиіс, яғни болашақ зейнетақы азаматтың бұрынғы табысының кемінде 40%-ын құрауы қажет. Сондай-ақ, бұл шек сақтандыру компанияларының зейнетақы аннуитеті құнымен де байланысты. Сақтандырушылар салымшының жасы кіші немесе табысы аз екеніне қарап аннуитет бағасын төмендете алмайды, сәйкесінше жеткіліктілік шегі де бекітілген деңгейден төмен болмауы шарт», – делінген хабарламада.

Зейнетақы жинағын тұрғын үй мен емделуге пайдалану мүмкіндігі жүздеген мың қазақстандыққа өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесті. Алайда бұл қадам болашақ зейнетақының азаюына әкеп соқпауға тиіс.

Қазақстандықтар зейнетақы жинағының жеткіліктілік шегі енгізілгеннен бері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан өте ірі көлемде ақша пайдаланды. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға 4,9 трлн теңге, емделуге 985,3 млрд теңге бағытталды. Айта кетейік, БЖЗҚ-дан зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын шешу 2021 жылы басталды.

Сондай-ақ оқыңыз