Forbes тізіміндегі миллиардердің компаниясы алғашқы карбамид зауытын салады

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
карбамид
Алғашқы карбамид зауыты салынады / Фото: shutterstock

Маңғыстау өңірінде Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор жаңа өндіріс орны бой көтермек. Үкімет Ақтау қаласында аммиак-карбамид кешенін салу туралы инвестициялық келісімге қол қоюды мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.

Зауытты миллиардердің компаниясы салады

Аталмыш жобаны «KazAzot PRIME» ЖШС жүзеге асырады. Аdata.kz дерегі бойынша 2022 жылы құрылған компания «Kazakhstan Petrochemicals» ЖШС серіктестігіне тиесілі. Ал бұл компанияның 7 иесі бар. Олар: Бахаридин Аблазимов, Рүстем Аязбаев, Айжан Балабатырова, Аркадий Кудабаев, Арман Мәулешев, Ермек Мырзаш, Тахмина Нагуманова.

Бахаридин Аблазимов – қазақстанда ең бай кәсіпкерлердің бірі, «ҚазАзот» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. Қазақстандағы бірден-бір азотты тыңайтқыш өндіретін кәсіпорын «Kazakhstan Petrochemicals» ЖШС арқылы Аблазимовқа тиесілі.

Forbes Kazakhstan басылымының мәліметінше, кәсіпкер 327 мың доллар байлығымен елдегі ең дәулетті 75 бизнесмен рейтингінде 35-орында тұр.

Қазақстанда бұрын-соңды болмаған карбамид зауытының құрылысына бағытталатын инвестицияның жалпы көлемі 804,2 млрд теңгені құрайды.

Зауыт қашан іске қосылады

Жаңа өндіріс кешенін 2030 жылы іске қосу жоспарланған. Жоба аясында құрылыс кезеңінде шамамен 1,5 мың адам жұмыспен қамтылса, кәсіпорын қолданысқа берілгеннен кейін тағы 700 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Зауыт жылына 660 мың тоннаға дейін аммиак, 580 мың тоннаға жуық карбамид және 500 мың тонна аммиак селитрасын шығаруы керек.

Ақтау жобасынан басқа, СНПС-Ақтөбемұнайгаз компаниясымен бірлесіп, KazESTA және KMG PetroChem ЖШС тағы екі карбамид өндіру жобасын жүзеге асыруы тиіс.

Бүгінде Қазақстанда карбамид мүлдем өндірілмейді және ол көршілес мемлекеттерден толықтай импортталады. Соған қарамастан, бұл тыңайтқыш ауыл шаруашылығында зор сұранысқа ие және аграрлық сектор үшін ең өзекті өнімдердің бірі саналады.

Үкімет жаңа кешеннің іске қосылуы сыртқа тәуелділікті азайтып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттырады деп есептейді.

Бұл зауыт отандық шикізатты терең өңдеу және ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған ірі жобалар қатарына енген.

Сондай-ақ оқыңыз