Банк пен қаржы

Неге «Самұрық-Қазына» және басқа да ұлттық компаниялар дивиденд аз төледі

Samruk-Kazyna
«Самұрық-Қазына» 140 млрд теңге дивиденд төлеуден босатылған / фото: sk.kz

2025 жылы Қазақстандағы ұлттық компаниялар мемлекет бюджетіне дивиденд төлеуді жоспардағыдан бес есе төмен орындаған. Осы мәселе 10 маусымда парламентте сөз болды.

Мәжіліс депутаты Серік Ерубаевтың мәліметінше, былтыр елдегі ұлттық компаниялар бюджетке 6,9 млрд теңге көлемінде қаражат төлемеген. Соған байланысты, депутаттың айтуынша, қазынаға квазимемлекеттік сектордан, 2024 жылмен салыстырғанда, бес есе аз ақша түскен.

«Үкімет шешімдерімен квазимемлекеттік сектордың он субъектісі мемлекет пайдасына дивидендтер төлеуден толық босатылды. Ал «Самұрық-Қазына» 140 млрд теңгеге босатылды», – дейді Ерубаев.

Оның айтуынша, «Бәйтерек» холдингінің 2024 жыл үшін төлеген дивидендінің көлемі оның алдыңғы жылмен салыстырғанда екі еседен аз болды. Мәселен, депутаттың дерегінше, холдинг екі жыл бұрын 126, млрд теңге дивиденд төлесе, былтыр бар болғаны 61,2 млрд теңгені бюджетке аударған.

«Квазимемемлекеттік сектор субъектілерін мемлекетке дивиденд төлеуден босату қажеттілігі неден туындады?» – деп сұрады депутат ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен.

Бюджет кодексі бойынша ұлттық компаниялар тапқан табысының кемінде 70%-ын, ал «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры кемінде 50%-ын бюджетке аударуы тиіс. Алайда, депутат сауалына жауап берген вице-министр Жұманғариннің айтуынша, «Самұрық-Қазынадан» үкімет қаулысымен жұмсалған ақша дивиденд көлемін азайтады.

«Біз қаражатты қалай жұмсаймыз? Бюджеттен немесе бюджеттен тыс жұмсаймыз. Ол қаражаттың тиімділігіне байланысты анықталады», – дейді ұлттық экономика министрі.

Оның айтуынша, былтыр 140 млрд теңге төлемеген «Самұрық-Қазына» қаражаты бюджеттен тыс жолмен жұмсалған. Мәселен, 2025 ұлттық әл-ауқат қоры 240 млрд теңгені тұрғынүй құрылысына берді. Соның қаражатына Астанада 140 млрд теңгеге перинаталдық орталық көтеріліп, Астана, Түркістан, Петропавл қалаларында 289 млрд теңгеге көпсалалы ауруханалар салынып жатыр. Жұманғарин басқа да мысалдары жеткілікті екенін атап өтті.

«Қаражат қалай жұмсалмасын, бәрінің мақсаты бір: экономика мен халықтың әл-ауқатын арттыру», – деп қорытындылады жауабын вице-премьер.

2025 жылы «Самұрық-Қазынаның» табысы артқанымен, таза пайдасы 95 млрд теңгеге азайған.