Ресейден Қазақстанға әкелінген амур жолбарыстарына ат қойылды

Қазақстанға Ресейден популяцияны қалпына келтіру мақсатында әкелінген төрт жолбарысқа берілген есімдерді Экология және табиғи ресурстар министрлігі жариялады.
Екі ересек және екі жас жолбарыс 28 мамыр күні «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына жеткізілді. Қазіргі уақытта олар ветеринарлардың тұрақты бақылауымен бейімделу кезеңінен өтіп жатыр.
Мамандар жолбарыстарға екі ел арасындағы ынтымақтастықты және жобаның Орталық және Шығыс Азия табиғатымен тарихи байланысын бейнелейтін есімдер берді:
- аталық жолбарыс – Амур;
- аналық жолбарыс – Үміт;
- еркек күшік – Тұран;
- ұрғашы күшік – Уссури.
Жыртқыштар жаңа табиғи-климаттық жағдайларға сәтті бейімделіп жатыр, ветеринарлар олардың жағдайын тұрақты деп бағалауда. Бейімделу кезеңі аяқталып, жан-жақты тексеруден өткеннен кейін экологтар оларды табиғи мекендеу ортасына жіберуге дайындауды жоспарлап отыр. Мамандар жолбарыстарға спутниктік қарғыбаулар орнатады.
Жануарлар Хабаровск өлкесінің жабайы табиғатынан ұсталып, 2022 жылғы екі ел қол қойған жолбарысты қайта жерсіндіру туралы келісім аясында Қазақстанға берілді.