Түркияда фермер 4 тонна қызанақты тегін таратып берді

Түркияның Анталья аймағындағы фермер тұрғындарға 4 тоннаға жуық қызанақты тегін таратып жіберді. Ол тауарларын сатып алатын адам таппаған деп хабарлайды Haberler.com.
Фермер қызанақты қоймада шірітіп алғанша, мұқтаж жандарға таратып берген әлдеқайда дұрыс болады деп шешкен.
«Баға үнемі құбылып тұрады. Қызанақты су тегінге өткізгенше, таратып бере салуды жөн көрдім», – дейді фермер Туран Кыврак.
Басылымның мәліметінше, бұл шара Анталья провинциясының Серик ауданындағы Чынарлыты алаңында өткен. Жергілікті тұрғындардың үлкен қызығушылығын тудырған. Көптеген адам көкөністі тегін алу үшін қолдарына сөмкелер мен жәшіктерін ұстап келген.
Осы жылы қыста Германияда тұрғындарға 4 млн келі картопты тегін таратпақшы екенін жазған едік. Мұндай «жомарттыққа» себеп – егістің мол болуы. Ұсыныс сұраныстан күрт асып кеткендіктен көптеген шаруалар шығынға батып, өнімін қоймаға сақтау үшін тағы қаражат жұмсауға мәжбүр.