UFC рейтингі: Шавкат Рахмоновтың салмағында күтпеген өзгерістер орын алды

UFC өзінің ресми сайтында барлық салмақ дәрежесі бойынша жаңартылған рейтингті ұсынды. Жартылай орта салмақ (77 кг) дивизионында күтпеген өзгерістер орын алып отыр.
Рейтингтің басты қаһарманы бразилиялық файтер Габриэль Бонфим болды. Ол бірден 6 сатыға көтеріліп, үздік бестікке табан тіреді.
Бонфим өткен демалыс күндері дивизионның экс-чемпионы, америкалық-палестиналық үздік жауынгер Белал Мухаммадты төрешілердің біраузыдан берген шешімімен айқын жеңген еді.
Бұл жеңілістен кейін бұрынғы чемпион Белал Мухаммад 7-ші орынға сырғыды. Сондай-ақ осы салмақтағы тағы бір экс-чемпионы, британиялық Леон Эдвардс та бір саты төмендеп, рейтингтің 8-ші жолына жайғасты.
Еске сала кетейік, қазіргі уақытта жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы белбеуі ресейлік Ислам Махачевқа тиесілі.
Шавкат Рахмонов неге рейтингтен шығып қалды?
Қазақстандық Шавкат «Номад» Рахмонов ұзақ уақыт бойы октагонға шықпауына байланысты ресми рейтингтен шығып қалған еді.
Шавкат соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында UFC 310 турнирінде жұдырықтасқан. Ол ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің шешімімен жеңіп, өзінің таза рекордын сақтап қалған болатын (19-0).
Сол кездесуден кейін Рахмонов денсаулығына байланысты туындаған қиындықтар мен жарақаттар салдарынан ұзақ уақыт бойы спорттан тыс қалды. Ереже бойынша, белсенділігі төмен спортшылар уақытша рейтингтен шығарылады. Жанкүйерлер қазақ файтерінің октагонға тезірек оралып, чемпиондық бәйгеге қайта қосылуын тағатсыздана күтіп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шавқат Рахмоновтың спорттан тыс жеке өмірінде де жағымды жаңалықтар орын алып, оның жарымен қайта татуласқаны туралы жазған едік.