Әл-Фарабидегі жол апаты: сотталушыдан жауап алатын кезде адвокаттар ауысты

Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған апатқа байланысты істе жәбірленушілердің адвокаттары ауысып жатыр.
Бірінші болып заңгер Мейірман Шекеев қылмыстық іске қатысудан өз еркімен бас тартты. Айтуынша, жәбірленушілер сотталушы Александр Пакқа кешірім бергеннен кейін іске уақыт жұмсағысы келмеген.
Тағы бір отбасының құқығын қорғаған Олег Чернов та істен шығып қалды. Адвокаттың әйелі Анна Чернованың айтуынша, ерлі-зайыпты заңгер бұл істе тегін қызмет көрсеткен. Алайда сотталушы Александр Пактан жауап алатын күн жақындағанда жәбірленушілер Черновтың қызметінен бас тартқан.
«Іс аясында жұмыс істеген кезде қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі жан-жақты зерттеу қажет деген ұстанымда болдық. Куәларды сотқа шақыруға тырыстық, өткір сұрақтар қойдық және әрбір жайттың мұқият тексерілуін талап еттік.
Ертең сотта айыпталушыдан жауап алынады. Біз оның сотта онлайн емес, тікелей қатысып жауап беруін талап еткен болатынбыз. Бұл – істегі ең маңызды кезеңдердің бірі», – деп жазды Анна Чернова.
Ол жәбірленуші отбасының не себепті мұндай шешім қабылдағанынан бейхабар.
Айта кетейік, іс бойынша келесі сот отырысы 11 маусым сағат 10:00-ге жоспарланған.
Әл-Фарабидегі апат
Қайғылы оқиға 2026 жылдың 21 наурызына қараған түні болған. Zeekr көлігінің жүргізушісі жарыс ұйымдастырып, жоғары жылдамдықпен қарсы беттегі Mercedes-Benz көлігімен соқтығысқан. Салдарынан үш адам – жүргізуші мен 20 және 22 жастағы екі қыз қаза тапқан.