Алматыда күйеуінен зәбір көргендер қайда бара алады

Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен балалар уақытша тұра алатын бірнеше дағдарыс орталығы бар. Соның бірі – «Жан-Сая» орталығы. Тоғыз жыл бұрын ашылған орталық бір мезетте 52 адамды қабылдай алады. KursivMedia тілшісі орталыққа барып, қиын жағдайға тап болған әйелдердің жағдайын білді. Сондай-ақ орталық мамандарымен сөйлесті.
Мекенжайын жариялауға болмайды
Дағдарыс орталығы 2017 жылы ашылған. Әу бастан нысан орталыққа арнап салынбаған. Ауласы кең бірнеше қабатты үй бір кездері жергілікті бай-бағланға тиесілі болған. Сот шешімімен мемлекет меншігіне өткен соң біраз жыл қаңырап тұрыпты. Араға жылдар салып әйелдер мен балалардың жарты жыл паналай алатын орнына айналды. Орталық Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарайды.

Қазір мұнда 13 әйел мен 27 бала тұрып жатыр. Оларға 8 әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Ішінде медицина, психология, құқықтық және экономикалық көмек те бар. Әйелдерге көрсетілетін қызметтің бәріне мемлекет қаражат жұмсап отыр, сондай-ақ тұрақты түрде ақша бөлетін демеушілер де бар.
Ресми ақпаратқа сәйкес, мұндағы бір адамға тәулігіне мемлекеттен 13 мың теңге жұмсалады. Алты ай тұратын әйелге 2,3 млн теңге кетеді.
Қазірге дейін орталық 3 мыңнан аса адамға пана болған. «Көмекке мұқтаждардың саны артпаса, кеміп жатқан жоқ», – дейді мамандар. Алайда дағдарыс орталығынан шыққаннан кейін әйелдерің 35%-ға жуығы агрессор күйеуіне оралады. Мұның себебін мекеме маманы Ерназ Тергеусіз түсіндіріп көрді.
«Орталықтан шыққан әйелдердің жағдайын сырттай бақылап отырамыз. Үш айда, кейде жарты жылдан кейін хабар аламыз. Кей әйел орталықтан шыққаннан кейін бұрын ұрып-соққан күйеуіне оралады. Арасында күйеуі агрессия танытқан соң бір айдан кейін орталыққа қайта келетіндері де бар. Мұндайда «бал айы аяқталды» деп айтамыз. Әйелдер материалдық қиындық болғандықтан оралады. Енді бірі күйеуін жақсы көреді, арасында эмоциялық байланыс болады», – дейді Ерназ Тергеусіз.
Мұндай жағдай өте жиі кездеседі. Екі жақ қайта татуласқан соң бір айға жуық ұрыс-керіссіз өмір сүреді. Араға уақыт салып ер адамның қол көтеру әрекеті қайталанады.

Көзі көгеріп келеді
Орталықта балалармен жұмыс істейтін педагогтер, әйелдердің денсаулығын бақылайтын медбике де бар. Медбике Назгүл Оңбаеваның сөзінше, әйелдердің арасында басы жарылып та, көзі көгеріп те келетіндер жетерлік.
«Әйел орталыққа қабылданған кезде профилактикалық медициналық тексеруден өтеді, оның ішінде флюорография жасалады. Кей әйелде соққы іздері, көгерген жерлер болады, енді бірінің миы шайқалған жағдай да кездесті. Мұндай жағдайда жедел жәрдем шақырылып, қажетті медициналық көмек көрсетіледі», – дейді Назгүл Оңбаева.
Татьянаның тағдыры
Дағдарыс орталығында тұратындардың бірі – Татьяна. Ол бес ай бұрын туған бауырларынан қашып, осы жерді паналаған.
«Отбасы құрып, жақсы жар болуды армандадым. Уақыт өте келе арада 6 бала дүниеге келді. Алайда отбасылық өмір мен ойлағандай болмады. Күйеуім ішімдікке салынып, арамызда жанжал шыға бастады. Соның салдарынан ажырасып кеттік.
Туыстарымнан, бір туған бауырларымнан көмек сұрадым. Қиын кезеңде отбасы қолдау көрсетеді деп сенген едім. Қолдаудың орнына басқа қиындықпен бетпе-бет келдім. Екі ағам есірткі қолданады екен. Олар балаларыма тиісе бастады», – дейді әйел.

Татьянаның тұңғышы 18 жаста. Ұлы колледжі тамамдап жатыр, бауырлары мен анасына қолғабыс болып отыр. Әйел тігін тігіп, табыс табады. Алайда тапқаны орталықтан шыққан соң қажетінің бәріне жетпей қала ма деп алаңдайды. Ал балалары анасының қайта тұрмыс құрғанын қаламайды.
Айта кетейік, 2026 жылдың басынан бері сталкинг бойынша 41 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 11 мыңнан астам адам қамауға алынды.