Алматы әуежайындағы оқиғадан кейін тексеріс басталады

Алматы әкімдігі хабарлағандай, Алматы халықаралық әуежайының құрылыс алаңында болған оқиғадан кейін Алматыда жоспардан тыс тексеріс басталады.
Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, тексеріс БАҚ-та тарап жатқан оқиға туралы ақпаратқа байланысты басталады.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, 11 маусымда құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында құрылыс конструкциялары – құбырлар құлаған. Оқиға әуежай аумағында орналасқан құрылыс алаңында тіркелді», – деп хабарлады әкімдік.
Қазіргі уақытта басқарма материалдарды жинақтап, болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Бұл деректер тексерісті прокуратура органдарында кейіннен тіркеу үшін қажет.
«Жоспардан тыс тексеріс аясында құрылыс нормаларының сақталуына және жұмыстарды ұйымдастыруға құқықтық баға беріледі», – деп атап өтті әкімдік.
Егер заң бұзушылықтар анықталса, кінәлі тұлғаларға қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қолданылады.
Айта кетейік, осыған дейін Алматы әуежайының ішкі рейстерді ұшып шығу аймағында желдеткіш құбырының бір бөлігі құлағаны туралы жазған едік. Кейінірек әуежайдың баспасөз қызметі инженерлік жүйелерді монтаждау кезінде иілгіш желдеткіш гофрасының ішінара ажырағанын, зардап шеккендердің жоқтығын және әуежайдың штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.