Астанадағы ғимараттар құрылысына атсалысқан компания басшылары қомақты сыйақы алды

Астанадағы «Бәйтерек» монументі, Тәуелсіздік сарайы, «Нұр-Астана» және «Әзірет Сұлтан» мешіттерінің құрылысына атсалысқан «Стройконструкция» компаниясының басшылары 104 млн теңге сыйақы алған. Бұл туралы қаржы есебі депозитарийіндегі хабарламада жазылған.
Құжатта компанияның екі президентінің аты жазылған: Виктор Буллер мен Тен Анатолий. Буллер компания президенті ретінде 2024 жылдың мамырынан қызмет етіп келген.
Алайда кәсіпкер 2025 жылдың мамырында қайтыс болып, ал Тен сол айда президент болып тағайындалды. Кәсіпкер қайтыс болғаннан кейін, жарты жылдан соң компания құрылтайшылар қатарына Валентина Буллер мен Татьяна Буллер кірді.
Виктор Буллер Қазақстанның ең бай 75 бизнесменінің рейтингіне екі рет енді. 2024 жылы ол 64-орында тұрды. Forbes Kazakhstan оның дәулетін 96 млн долларға бағалады. Ал 2025 жылы бизнесмен 69-сатыдан көрініп, сол сәтте оның байлығы 102 млн долларды құрады.
Аталмыш кәсіпорын 1992 жылы «Главцелинпромстрой» темірбетон бұйымдары мен конструкциялары комбинатының негізінде құрылған. Аdata.kz дерегінше, компанияның 460 құрылтайшысы бар.
Кәсіпорын сондай-ақ «Думан», «Мега», «Хан Шатыр» ойын-сауық орталықтарының құрылысына да атсалысқан. Бұдан бөлек, компания шығарған өнімдер «Астана циркі», «Алатау» және «Қазақстан» спорт кешендері, Ұлттық кітапхана және «Астана-Опера» театры құрылысында пайдаланылған.