Lifestyle

Дариға Бадықова ТЖД қызметкерлері туралы фильм түсіріп жатыр

Коллаж: Kursiv.media

Танымал актриса әрі продюсер Дариға Бадықова кезекті ауқымды киножобасының басталғанын хабарлады. Бұл жолы комедия жанрынан алшақтап, драмалық бағытқа бет бұрған сияқты.

Бұған дейін халыққа «Таптым-ау сені» трилогиясы сияқты хит комедияларымен танылған продюсердің жаңа туындысы Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) қызметкерлеріне арналады. Фильмнің түсірілім жұмыстары Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында қызу жүріп жатыр.

«Бұл жолы тақырып та, жауапкершілік те бөлек. Біз күн сайын өз өмірін қауіпке тігіп, өзгенің өмірін құтқаруға асығатын МЧС қызметкерлері туралы оқиғаны экранға алып келеміз. Бұл фильм мен үшін жай ғана жоба емес. Бұл ерлік, адамгершілік, таңдау және өмір үшін күрес туралы әңгіме», – деп бөлісті Дариға Бадықова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Дариға Бадықованың жаңа фильмі отандық кинопрокатқа қашан жол тартатыны әзірге белгісіз.

Еске сала кетейік, бұған дейін Дариға Бадықова журналист Нұрсейіт Жылқышыбаймен соттасып, жеңіліп қалған еді.