Итпен тінту жүргізген: Жамбылда фосфор зауытының жұмысшылары наразылыққа шықты

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Screenshot

Жамбыл облысында орналасқан «НДФЗ» ЖШС Жаңа Жамбыл фосфор зауыты филиалының жұмысшылары жаппай наразылыққа шықты. Әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде зауыт қызметкерлерінің жалақыны өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен бейнежазбалары тарады.

Журналист Нұрадин Рақайдың мәлімдеуінше, наразылықтың шығуына әлеуметтік мәселеден бөлек, зауыттың ішкі қауіпсіздік қызметі тарапынан қысымның күшеюі де түрткі болған. Оның айтуынша, кәсіпорынға арнайы жасақ кіріп, жұмысшылардың шкафтарын тексеріп, итпен тінту жүргізген. Сондай-ақ, «есірткі табылды» деген желеумен 10-ға жуық адамды ұстап әкеткен. Бұл жағдай ұжымның ашуын туғызып, «Жалақыны түзетсін, бастық қазақ болсын» деген талаптармен жаппай бас көтеруге ұласқан.

«Қара сора» операциясы: зауыт әкімшілігінің ресми жауабы

Оқиғаға байланысты «НДФЗ» ЖШС басшылығы ресми мәлімдеме жасап, 2026 жылғы 9 маусымда өткен жұмысшылардың жиналысын «рұқсатсыз және заңсыз» деп атады. Компанияның мәліметінше, зауыт аумағындағы іс-шаралар құқық қорғау органдарының бастамасымен өткен жоспарлы заңды операция болған.

«Тексеру әрекеттері есірткі құралдары мен өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылға бағытталған «Қара сора» жедел-алдын алу операциясы шеңберінде жүзеге асырылды. Құқық қорғау органдары кинологиялық қызметті тарта отырып, алдын алу шараларын жүргізді. Өндірістік қауіп деңгейі жоғары кәсіпорындар үшін бұл өте маңызды», – делінген компания мәлімдемесінде.

Зауыт басшылығы наразылық әрекеттерін жүргізуге ешқандай объективті негіз жоқтығын және жиналыс кезінде жұмыс берушінің атына ешқандай ресми жазбаша өтініш немесе ұжымдық талап түспегенін алға тартты.

Зауыттың қазіргі жағдайы

Кәсіпорын әкімшілігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр және өндіріс тоқтамаған. Сонымен қатар басшылық компания қолданыстағы заңнама мен әлеуметтік әріптестік шеңберінде туындаған мәселелерді сындарлы диалог арқылы шешуге әзір екенін айтты.

Сондай-ақ жалақы деңгейі кезең-кезеңімен көтеріліп жатыр, қызметкерлерді арнайы киіммен, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету және әлеуметтік осал санаттағы жұмысшылардың отбасыларын қолдау бағдарламалары тұрақты жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«НДФЗ» ЖШС басшылығы жұмысшыларды сабырлық сақтауға және кез келген келіспеушілікті тек құқықтық алаңда, заң талаптарын сақтай отырып шешуге шақырды. Жағдайдың одан әрі қалай өрбитіні жергілікті атқарушы органдар мен кәсіподақ ұйымдарының араласуына байланысты болмақ.

Айта кетейік, ақпан айында Жаңа Жамбыл фосфор зауытында екі жұмысшы қайтыс болды.

Сондай-ақ оқыңыз