Министрлік ірі қара арасында тараған ауруларды аса қауіпті деп есептемейді

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Сенат кулуарында Қазақстанда ірі қараның арасында аса қауіпті аурулардың тіркелмегенін ресми түрде айтты.
«Қазақстанда отыз миллионға жуық мал тіркелген. Сондықтан мал ауруларының да түрі көп. Ауыл шаруашылығы министрлігі, оның ішінде Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті тек аса қауіпті жұқпалы ауруларды тексеріп, олардың таралмауын қадағалайды», дейді ол.
Кулуарда журналистер вице-министрден Қарағанды облысы, Баршын ауылындағы малдардың қырылуына қатысты сұрақ қойды. Алайда министр ауылда тараған індетті аса қауіпті аурулардың қатарынан емес екендігін айтты.
«Қазақстанда ресми түрде ешқандай қауіпті мал ауруы тіркелген жоқ. Біз міндетті түрде аса қауіпті саналатын ауруларды зерттейміз. Бізде қай өңірде қандай аурудың тарағаны туралы толық ақпарат бар. Баршын ауылындағы оқиғаны аса қауіпті індет қатарына жатқызбаймыз. Бірақ бұл жағдай біздің қатаң бақылауымызда», – деді Аманғали Бердалин.
Айтуынша, ірі қараның арасында аузынан көбік ағуы, эктима, қызба немесе диарея сияқты аурулар бар. Алайда олардың бәрі бірдей тіркеуге жата бермейді. Олар терапиялық аурулар. Бұл дерттердің клиникалық белгілері ұқсас болғанымен, емдеу тәсілдері әртүрлі.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде Қарағанды облысы Нұра ауданындағы Баршын ауылында мал қырылып жатыр деген ақпарат тараған еді.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында 800 ірі қараның бруцеллез ауруына шалдыққаны анықталды.