Қытайлар Алматыда LRT мен SkyTrain салып, метроны кеңейтуге көмектеседі

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының Бейжіңге сапары барысында Қытайдың ірі кәсіпорындарымен бірқатар маңызды келісім жасалды. Құжаттардың мегаполисте LRT желісін салу, SkyTrain жүйесін енгізу және метроны одан әрі кеңейтуге қатысы бар.
Әкім Бейжіңде жүр
Қала әкімдігінің мәліметінше, Дархан Сатыбалды Бейжіңде Қытайдың көлік саласындағы жетекші компаниялары өкілдерімен кездесті. Олардың арасында China Civil Engineering Construction Corporation (CCECC), China Railway Rolling Stock Corporation (CRRC) және басқа да ірі кәсіпорын басшылары бар.
«Кездесу барысында тараптар Алматының заманауи көлік инфрақұрылымын бірлесіп дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе, LRT желісін салу, SkyTrain жүйесін енгізу және метрополитенді одан әрі кеңейту жобаларына ерекше назар аударылды», – деп таратты қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Дархан Сатыбалды қаланың ауқымды инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін озық технология тарту мен сенімді халықаралық серіктестермен ынтымақтастық орнату маңызды екенін атап өткен.
LRT мен SkyTrain-ді қытайлар салады
Бейжіңге сапар барысында LRT мен SkyTrain құрылыстарына қатысты маңызды құжаттар қабылданған. Атап айтқанда, CRRC қытай компаниясы, Алматы әкімдігі, және Integra Construction KZ арасында LRT жобасын іске асыру және жылжымалы құрамды жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Бұған қоса, қытай компаниялары консорциумы мен Integra Construction KZ өкілдері SkyTrain желісін жобалау және салу туралы келісімге отырды.
«Жобаларды жүзеге асыру инвестиция мен заманауи технология тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сонымен бірге Алматының көлік қатынасы сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деп есептейді қала билігі.
Метро желілерін кеңейту
Дархан Сатыбалды CRRC Changchun зауытына да барған. Әлемдегі жетекші кәсіпорындардың бірі Бейжің қаласында теміржол және қалалық рельсті көлікке арналған жылжымалы құрам өндіреді.
Алматы делегациясы метро вагондарын, жеңіл рельсті көлік жүйелерін, монорельсті желілер мен жоғары жылдамдықты пойыздарды жобалау және құрастыру технологиясын көрген.
«Сапар қорытындысы бойынша тараптар заманауи қалалық көлік жүйесін дамыту саласындағы өзара ынтымақтастықтың келешегі жөнінде пікір алмасты», – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, осы аптада Алматы қаласы LRT құрылысына 61,4 млрд теңге бөлетіні мәлім болды. Алғашқы желі Алатау ауданындағы өндіріс аймағынан басталып, Момышұлы, Төле би көшелерімен жүріп, Абылай хан арқылы Алматы-2 вокзалына дейін созылады.