Әке декреті: бала күту демалысын алатын офицерлер көбейді

Қорғаныс министрлігі ер офицерлердің декреттік демалысқа шығуына қатысты статистиканы жариялады. Ведомство мәліметінше, соңғы жылдары бала күту демалысын алатын әскерилер қатары артқан.
Биыл 42 офицер әке декретке шықты
Министрлік дерегіне сәйкес, 2023 жылы 15 ер офицер декреттік демалысқа шыққан. 2024 жылы бұл көрсеткіш 67 адамға жеткен, ал 2025 жылы 95 офицер бала күту демалысын пайдаланған. 2026 жылдың алғашқы төрт-бес айында 42 адам осы құқықты қолданған.
«Біріншіден, біз келтіріп отырған статистика тек қана ер азаматтарға қатысты. Оған әйелдерді қоспадық. Статистикаға қарасақ, жыл сайын өсіп келе жатыр», – деді Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков.
Декретке шығуға шектеу не үшін енгізілді
Журналистер ер офицерлердің бала күтіміне шығуына қойылған шектеудің себебін де сұрады. Министрлік мұны кадр тапшылығымен байланыстырмайды.
«Бұл шектеудің басты себебі кадр тапшылығында емес. Офицер декреттік демалысқа шыққан кезде ол өз лауазымында сақталады. Бірақ оның міндетін атқаратын басқа адам болмайды», – деді Мұстабеков.
Оның айтуынша, бұл жағдай қызметтік процестерге тікелей әсер етеді.
«Біз екі жылға белгілі бір лауазымға тағайындап, оның міндеттерін бекітеміз. Ол декреттікке кеткен жағдайда, міндеттерді асқа адамға жүктеуге тура келеді», – деді ол.
Әскер жұмысына кедергі келтіреді…
Министрлік өкілі мұндай тәжірибе әскери қызметтің жұмысына әсер ететінін де атап өтті.
«Әрине, кедергі болып отыр», – деді Асқар Мұстабеков.
Сонымен қатар ол енгізілген шектеулер адам құқығын бұзу ретінде қарастырылмайтынын айтты.
«Адам құқығын шектеу емес. Біз оның бала күту демалысына шығу құқығын қолдап отырмыз. Оның құқығы жойылып немесе тапталып отырған жоқ. Бірақ қызметтік міндет болғандықтан, оны да атқаруы қажет», – деді министрлік өкілі.
Еске салайық, наурызда Сенат бір лауазымдағы қызметкерлерге тең жалақы төлеуді және әкелерге декреттік төлемдер тәртібін нақтылайтын заңды мақұлдады. Заңға сәйкес, енді зейнетақы тағайындау кезінде жұмыс істемейтін әкенің бала күтімімен өткізген уақыты еңбек өтіліне есептеледі. Сондай-ақ бір қызметтегі қызметкерлердің жалақы айырмашылығына шектеу енгізіледі.