Швейцариялық компания Stadler вагондардың толық дайын екенін мәлімдеді

Мамыр айының соңында өткен сынақтардан кейін Stadler вагондары қабылдауға толық дайын. Бұл туралы швейцариялық компания Kursiv.Media-ға берген ресми жауабында мәлімдеді.
Компания «Қазақстан темір жолы» мен оның еншілес ұйымы «Жолаушылар тасымалы» тарапынан қабылдауға толық әзір екенін хабарлады. Мәліметке сүйенсек, «Самұрық-Қазына» АҚ экономика және қаржы жөніндегі директоры Айдар Рысқұловтың вагондардың тежеу жүйесіне қатысты айтқан мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмейді.
«Астанада ұлттық тасымалдаушы үшін шығарылған Stadler вагондарының тежеу жүйесіне қатысты айтылған пікірлерге байланысты мынаны хабарлаймыз: бұл мәлімдеме шындыққа жанаспайды. 2025 жылдың соңында анықталған тежеу жүйесіндегі кемшіліктер 2026 жылдың ақпанына дейін толық жойылды», – делінген компания ұсынған ақпаратта.
Тежеу жүйесі қайта сынақтан өтті
Жүргізілген жетілдіру жұмыстарының тиімділігін растау мақсатында 2026 жылғы 28 ақпан мен 1 наурыз аралығында жолаушылар вагондарына сынақ жүргізілген. Stadler өкілдерінің айтуынша, осы сынақтардан кейін тапсырыс беруші тарап тежеу жүйесіне қатысты қосымша талаптар қойған.
Компания бұл талаптардың барлығын қабылдап, толық көлемде орындағанын атап өтті.
Вагондар тапсырыс берушіге өткізуге дайын
Кемшіліктер түзетілгеннен кейін 2026 жылғы 21–26 мамыр аралығында Ақмола және Жамбыл облыстарында қосымша сертификаттан тыс сынақтар өткізілген. Олар алдын ала келісілген бағдарлама бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ және «Штадлер Қазақстан» ЖШС өкілдерінің қатысуымен өткен.
Компания мәліметінше, барлық сынақ сәтті аяқталған. Нәтижесінде пойыз құрамдарының тежеу жүйелері белгіленген талаптарға толық сәйкес деп танылып, вагондар тапсырыс берушінің қабылдауына дайын деп бағаланған.
Қосымша сынақтарды ұйымдастыру мен өткізуге байланысты барлық шығындарды зауыт өз мойнына алған.
«Самұрық-Қазына» уәжі басқа
Айта кетейік, Мәжілісте 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептері талқыланған кезде депутат Қарақат Әбден вагондарды жеткізу мерзімі бөлінген қаржыға қарамастан 2026 жылға шегерілгенін айтқан.
Бұл сауалға жауап берген «Самұрық-Қазына» АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов вагондардың алғашқы партиясы техникалық ескертулерге байланысты қабылданбағанын мәлімдеді.
«Шынында да, өткен жылы алғашқы партияны жеткізу кезінде бірқатар сәйкессіздіктер анықталды. Атап айтқанда, тежеу жүйесінің құрамына өзгерістер енгізу қажет болды. Сондықтан бұл вагондар қабылданбады», – деді ол.
Рысқұловтың айтуынша, Stadler анықталған кемшіліктерді мойындап, оларды өз қаражаты есебінен түзетіп жатыр.
«Вагондарды алдын ала жеткізу осы жылдың екінші тоқсанында жүзеге асуы мүмкін. Алайда бұл анықталған сәйкессіздіктердің толық жойылуына байланысты болады», – деді ол.
Айта кетейік, сәуірде іске қосылады деп жоспарланған Stadler вагондары мамырға шегерілді. Бұл туралы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлімдеген болатын.
Ал мамыр айының соңында «Қазақстан темір жолы» ҰК басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов швейцариялық Stadler жолаушылар вагондарын іске қосу техникалық ескертулерге байланысты кейінге қалдырылғанын хабарлаған болатын.
Оның айтуынша, ҚТЖ тарапынан өндірушіге қойылған талаптардан кейін вагондарға қатысты кезекті сынақтар биыл маусым айында өтуі мүмкін.