800 костюм мен 53 әртіс: Алматыда әлемге әйгілі Дю Солей циркі өнер көрсетті

Жарияланды 12 Маусым 2026 12:45

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: OVO by Cirque Du Soleil баспасөз қызметі

11 маусым күні Almaty Arena спорт кешенінде әлемге әйгілі Cirque du Soleil (Дю Солей) ұсынған OVO шоуының көптен күткен тұсаукесері өтті. Осы айтулы мәдени оқиғаның қарсаңында халықаралық шығармашылық топ алғаш рет БАҚ өкілдеріне арнап сахна сыртындағы өмірдің шымылдығын түрді және ауқымды қойылымның қалай дайындалатынын көрсетті.

Сахна сыртындағы тылсым өмір

Кешкі премьера алдында журналистер әдетте қарапайым көрерменнің көзінен таса қалатын дайындық барысымен танысып шықты. Сахна сыртында әртістер қыздыру жаттығуларын жасап, соңғы дайындықтарын пысықтаса, костюмерлер жүздеген сахналық образ элементтерін әзірлеп, техникалық топ жарық, дыбыс пен күрделі акробатикалық құрылымдардың қауіпсіздігін тексеріп жатады.

Жәндіктер әлеміне саяхат

Португал тілінен «OVO» сөзі «жұмыртқа» деп аударылады. Сахнада пайда болған жұмбақ жұмыртқа қиял-ғажайып тұрғындары – көбелек, шегіртке, өрмекші, құмырсқалар мен қоңыздардың өмірінің астан-кестенін шығарады.

фото: OVO by Cirque Du Soleil баспасөз қызметі

Бұл қойылым сахнада 17 жылдан бері көрсетіліп келеді. Осы уақыт ішінде оны әлемнің 50-ге жуық елінде 10 миллионнан астам көрермен тамашалаған. Қазақстан – OVO гастрольдік сапары жеткен 47-ші мемлекет.

Жобада әлемнің 25 елінен келген 100-ден астам маман жұмыс істейді. Шоуда 53 кәсіби әртіс (акробаттар, гимнасттар, халықаралық жарыстардың чемпиондары) өнер көрсетеді. Қойылымды 7 музыкант пен 1 вокалист жанды дауыспен сүйемелдейді.

фото: OVO by Cirque Du Soleil баспасөз қызметі

Бір қойылым үшін шамамен 800 костюм элементі пайдаланылады. Олардың барлығы Монреальдағы (Канада) штаб-пәтерде әр әртіске жеке тігілген.

Қайырымдылық

Гастрольдік сапар аясында OVO шоуының 200-ден астам билеті әлеуметтік мекемелердегі балаларға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне және ерекше қажеттіліктері бар бүлдіршіндерге тегін табысталды.

фото: OVO by Cirque Du Soleil баспасөз қызметі

Бұдан бөлек, Алматыда цирк оқу орындарының студенттері мен жергілікті цирк әртістеріне арналған арнайы кездесу өтеді. Онда отандық мамандар Cirque du Soleil-дің әртістерді даярлау әдістемесімен танысып, халықаралық деңгейде тәжірибе алмаса алады.

фото: OVO by Cirque Du Soleil баспасөз қызметі

Айта кетейік, OVO шоуының Алматыдағы көрсетілімдері 14 маусымға дейін Almaty Arena сахнасында жалғасады. Билеттерді Freedom Ticketon сайтынан сатып алуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз