Әл-Фарабидегі жол апаты: сотқа Шерзат ісіндегі тағы бір адвокат қатысатын болды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Әл-Фарабидегі апатқа қатысты сот кейінге қалды/фото: Айгерім Таубай

Алматыда үш адам қайтыс болған әл-Фарабидегі апатқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр.

12 маусымдағы сот отырысына прокурор мен жәбірленуші тараптың бір ғана өкілі келген. Сондай-ақ сотталушы Александр Пак пен оның қорғаушысы қатысты. Сот басталған күндегідей қарбалас жоқ, қайтыс болған үш отбасының мүшелері сотқа онлайн қатысып отыр.

Бұған дейін істегі адвокат Мейірман Шекеев пен Олег және Анна Черновтардың істен шыққаны туралы айтылды. Черновтардың орнына іске қосылған адвокат Гүлмира Бабажанова іс материалдарымен танысу үшін уақыт сұрап, сот процесін кейінге қалдыруды сұрады.

«Осы қылмыстық іске қатысу туралы келісімшарт бүгін ғана жасалды. Сондықтан жәбірленуші тараптың ұстанымын білу үшін және іс материалдарымен танысу үшін уақыт қажет», – деді адвокат Гүлмира Бабажанова.

Сот шешімімен сот отырысы 15 маусымға қалды.

Айта кетейік, Гүлмира Бабажанова Шерзат Полаттың қазасына қатысты қылмыстық істе Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтың құқығын қорғаған. Азамат Тоқтаубаев 15 жылға, Нұрбол Тоқтаубаев 7 жылға сотталды.

Бұған дейін жәбірленушінің құқығын қорғаған Мейірман Шекеев Шерзат ісінде марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты болған.

Әл-Фарабидегі апат

Қайғылы оқиға 2026 жылдың 21 наурызына қараған түні болған. Zeekr көлігінің жүргізушісі жарыс ұйымдастырып, жоғары жылдамдықпен қарсы беттегі Mercedes-Benz көлігімен соқтығысқан. Салдарынан үш адам – жүргізуші мен 20 және 22 жастағы екі қыз қаза тапқан. 

Сондай-ақ оқыңыз