Алматы халқы қай ауданда көп шоғырланған

Алматының демографиялық салмағы соңғы 17 жылда қатты өзгерді. 2009 жылы қалада 1 447 486 адам тұрса, 2026 жылы халық саны 2 348 103 адамға жетті. Яғни қала халқы 900 617 адамға немесе 62,2%-ға көбейді. Kursiv Media мегаполис аудандарына зерттеу жүргізді.
Басты өзгеріс тек жалпы өсімде емес. Қала ішіндегі халықтың қоныстануы да ауысты. Бұрын Алматы халқының негізгі бөлігі Әуезов пен Бостандық аудандарында шоғырланса, қазір Алатау ауданы бірінші орынға шықты. Наурызбай ауданы да ең жылдам өскен аймақтардың біріне айналды.

Алатау ауданы бірінші орынға шықты
2026 жылғы дерек бойынша Алматыдағы ең халқы көп аудан – Алатау. Онда 400 953 адам тұрады. Бұл – қала халқының 17,1%-ы.
2009 жылы Алатау ауданының үлесі 11,4% болған. Демек 17 жыл ішінде ауданның қала ішіндегі салмағы 5,6 пайыздық тармаққа өсті. Бұл – Алматының батыс және солтүстік-батыс бағытқа қарай кеңейіп жатқанын көрсетеді.
Алатау ауланының өсуі кездейсоқтық емес. Ауданда кейінгі жылдары жаңа тұрғын үй көп салынды. Қалаға көшіп келетін халық үшін салыстырмалы түрде қолжетімді баспана көбіне осы жақта.
Алматы аудандары: халық үлесіндегі 17 жылдық өзгеріс
2009–2026 жылдар аралығындағы аудандық құрылым
Дереккөз: ҚР ҰСБ, Kursiv MediaНаурызбай – ең жылдам өскен аудан
Ең үлкен өзгеріс Наурызбай ауданында байқалады. 2009 жылы мұнда 43 333 адам тұрды. 2026 жылы халық саны 240 049 адамға жетті.
196 716 адамға өскен деген сөз. Яғни аудан халқы 5,5 еседен астам көбейді. Қала халқы ішіндегі үлесі де 3,0%-дан 10,2%-ға дейін көтерілді.
Бұл – Алматыдағы урбанизацияның нақты көрінісі. Бұрын шеткі аймақ саналған аудандар қазір қаланың толыққанды тұрғын бөлігіне айналып келеді. Жаңа үйлер, жол, мектеп, емхана және сауда нысандарына сұраныс та осы жерлерде тез өседі.
Бұрынғы көшбасшылардың үлесі төмендеді
2009 жылы Алматы халқының ең үлкен бөлігі Әуезов ауданында тұрған. Ол кезде ауданның үлесі 19,8% болды. 2026 жылы көрсеткіш 15,3%-ға түсті.
Бостандық ауданындағы жағдай да осыған ұқсас. 2009 жылы оның үлесі 19,3% болса, 2026 жылы 14,8%-ға дейін төмендеді. Бұл – аудандарда халық саны азайды дегенді білдірмейді. Керісінше, халық өскен. Бірақ басқа аудандар, әсіресе, Алатау мен Наурызбай, жылдамырақ өсті.
Мысалы, Әуезов ауданында халық саны 286 571 адамнан 360 392 адамға жетті. Бостандықта 279 340 адамнан 348 491 адамға өсті. Бірақ олардың қала ішіндегі үлесі төмендеді, себебі Алматының жаңа өсім нүктелері басқа жаққа ауысты.
Орталық аудандардың салмағы баяу азайды
Алмалы ауданының үлесі 2009 жылы 13,0% болса, 2026 жылы 11,6% болды. Медеу ауданы 11,2%-дан 10,9%-ға аздап төмендеді. Түрксіб ауданы да 12,6%-дан 11,6%-ға түсті.
Бұл орталық және бұрыннан қалыптасқан аудандарда халық тығыздығының табиғи шегі бар екенін көрсетеді. Мұндай аудандарда жаңа ірі тұрғын үй алаптарын салу мүмкіндігі аз. Баға да жоғары. Сондықтан халық өсімі көбіне қала шетіндегі жаңа аудандарға ауысады.
Жетісу ауданында үлес 9,7%-дан 8,5%-ға төмендеді. Бұл да қала ішіндегі демографиялық ауырлық орталығының өзгеріп жатқанын көрсетеді.
Айта кетейік, халық саны жыл басынан бері 63 мыңға көбейгенін жазған едік